Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын қосымша талқылау қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте Беларусьтың төрағалығы күрделі жағдайда өтіп жатыр. Сәуір айында Александр Лукашенконың (Беларусь Президенті- авт.) бастамасымен біз Жоғары кеңестің жұмыс отырысын жаңа форматта өткізген едік. Цифрландыру дамып келе жатқан дәуірде жедел шешім қабылдауда жұмыстың бұл форматы едәуір маңызды әрі тиімді деп есептеймін. Шағын құрамдағы күн тәртібінің жобасына біздің интеграцияның болашағы мен Еуразиялық экономикалық интеграцияның 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарына қатысты маңызды мәселелер енеді. Жалпы оның қабылдануын қолдаймын. Әйтсе де онда қосымша талқылауды қажет ететін мәселелер бар деп есептеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің онлайн режимдегі отырысында.
Президент өз сөзінде интеграцияның негізгі контурларын түзететін аталған құжаттың маңызын ескере отырып, қосымша талқылаудан өткізіп, қабылдау керектігін айтып өтті.
«Ерте ме, кеш пе – бір-бірімізбен кездесеміз. Қазір құжатқа қатысты кейбір пікірімді білдірсем деймін. Біріншіден алға жылжудың берік іргетасын қалау керек деп есептеймін. Тауарлардың іс жүзінде, кедергісіз әрі шектеусіз қозғалысын қамтамасыз ету керек. Сектордағы тараптардың келісуімен қызметтердің бірыңғай нарығын құрып, ортақ энергетикалық және қаржылық нарыққа дайын болған абзал. Сөзсіз біздің мемлекеттеріміздің арасындағы серіктес жан-жақты сипатқа ие. Ол – экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық саланың барлық спектрін қамтиды. Бұл мәселелердің бәрін Еуразиялық экономикалық комиссияны тарта отырып, бесжақты форматта қарастыру – оның шынайы жүзеге асуын күрделендіруі мүмкін. Денсаулық сақтау, білім, ғылым мәселелерін Еуразиялық экономикалық комиссияның құзіретіне енгізу – оның экономикалық бағыттарын да өзгертіп жіберуі мүмкін. Басқаша айтқанда бұл 2015 жылы құрылған Еуразиялық экономикалық одақты құру келісімінің мәнінің өзіне қайшы келуі ықтимал. Сол себепті бұл бағытта стратегиялық бағыттардың жобасының шегінде әрекет еткен, яғни оны экономика саласы ретінде қарастырған абзал», - деді Мемлекет басшысы.