Қазақстан Президенті Citigroup банкінің үкіметтер мен мемлекеттік сектор жөніндегі жаһандық блогының басшысы Джули Монакомен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев EXPO-2017 көрмесіне және АХҚО басқару жөніндегі кеңестің жұмысына белсенді қатысқаны үшін Citigroup басшылығына ризашылық білдірді. Қазақстан Президенті банктің Қазақстанға инвестиция тарту және инновациялық жобаларды жүзеге асыру ісіндегі үлесін жоғары бағалады.
– Біз еліміздің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз етуді қалаймыз және экономиканы әртараптандырып жатырмыз. Бұл - оңай міндет емес. Оның барлық қиындығын түсінеміз. Citigroup компаниясымен осы бағыттағы тығыз ынтымақтастығымызды жалғастыра бергіміз келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Джули Монако Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент лауазымына сайлануымен құттықтап, Қазақстан Citigroup компаниясының маңызды серіктесі екенін атап өтті.