16 мау, 2022 сағат 18:06

Тоқаев: Азаматтарымыз кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе. Қазақстан жемқорлықпен күрестің негізгі көрсеткіштері бойынша айтарлықтай алға басты. Халықаралық рейтинг агенттіктері осылай деп бағалап отыр.

Бірақ, тоқмейілсіп отыруға болмайды. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық» - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, халықтың ашуын түсінуге болады.

«Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады.

Сондықтан менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады» - деді Тоқаев жиында.

Сондай-ақ, ол барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құру керектігін тілге тиек етті.

«Оның бір жолы – тәуелсіз сот жүйесі.

Бабаларымыз «Тура биде туған жоқ деген» деген сөзді тегін айтқан жоқ. Біз қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын» - деді Мемлекет басшысы.