Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркістандықтармен кездесуде халықаралық ахуалға қатысты еліміздің ұстанымы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Біз мемлекеттігімізді сақтап, өсіп-өркендеуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет. Ал бірлік – бейбітшіліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі. Осы орайда, қазіргі халықаралық ахуал жөнінде айта кеткім келеді. Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі жағдай әбден шиеленісіп кетті. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан халықаралық ұйымдарда, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымында дауыс беру кезінде бейтарап ұстанымын сақтап отыр. Бұл біздің ұлттық мүддемізге сай келеді. Жеріміздің бүтіндігі және еліміздің амандығы – біз үшін бәрінен маңызды. Сондықтан парасаттылық пен сабырлық танытып, арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Халқымыздың ең басты күші – бірлік, парасаттылық және төзімділік" - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы құндылықтардан айырылып қалсақ, елімізге үлкен қауіп төнетінін айтты.
"Мемлекеттердің территориялық тұтастығы міндетті түрде сақталуы керек. Бұл – негізгі қағидат. Мен мұны халықаралық аренада үнемі ашық және анық айтып жүрмін. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымына барып, ең биік мінберден бұл туралы тағы да мәлімдедім. Бұның бәрі бекер емес. Айналамызда ауқымды соғыс болып жатыр. Біз осыны ескере отырып, ең алдымен, еліміздің қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Шекарамыз бүтін болса, сырттан шабуыл жасалмаса, төрт құбыламыз түгел болады. Бұл – мемлекетіміз үшін, мен үшін аса маңызды міндет әрі басты мақсат", – деді Президент.