Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған заңға қол қойды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген мәтінде.
Заң әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуын жақсартуға, олқылықтар мен қайшылықтары бар әскери қызмет өткеру мәселелерін регламенттеуге мүмкіндік береді. Заң жобасында үш заңға түзетулер енгізу қарастырылған.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңда мыналар көзделеді: біріншісі - қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру құқығының ауысуы, ақшалай өтемақы алу және қайтыс болған арнаулы органның қызметкері мен әскери қызметшінің отбасы мүшелерімен алмасу құқығын пайдалану; екіншісі - қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша немесе өтеусіз жекешелендіру; үшіншісі - тұрғын үймен қосарланған қамтамасыз ету жағдайларын шектеу.
Сондай-ақ, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңда мынадай өзгерістер болады: әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін кеңейту - әскери қызметшілерге арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне ұқсас құқықтар мен міндеттерді беру ұсынылды; аттестаттау кезінде полиграфология жүргізу; әскери қызметті үздіксіз атқарғанын белгілеу - әскери қызметші қызметтен босатылған күннен бастап оны қызметке қайта қабылдаған күнге дейін кемінде үш ай өтсе.
1149 рет оқылды