Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Асхат Жұмағали Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің елімізде қабылдаған шаралары туралы есеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Антикор қызметінің биылғы жоспары, соның ішінде «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі негізгі міндеттері таныстырылды.
Асхат Жұмағалидың айтуынша, былтыр 1641 жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркеліп, жүйелі түрде жемқорлық жасаудың 68 фактісі анықталған. Екі ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, сонымен қатар екі топқа үкім шығарылған. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 1493 адам ұсталды. Олардың ішінде түрлі деңгейдегі 229 басшы бар. 914 адам сотталды.
Агенттік 2022 жылдан бері мемлекетке жалпы сомасы 1,12 триллион теңгеге бағаланған мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз еткен. Былтыр сомасы 486,5 миллиард теңге болатын мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған.
Ведомствоның мемлекеттік сатып алу мен қаржының мақсатты игерілуіне мониторинг жүргізіп, 87,7 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол бермегені жөнінде айтты:
маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың құрылысын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр;
агенттіктің қадағалауында 182 нысан бар, оның ішінде 81 құрылыстың жұмысы аяқталған;
Президент тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады:
жол саласындағы жемқорлықты жою үшін талдау жүргізіліп, уәкілетті органдарға бірқатар ұсыным берілген;
агенттік қызметкерлерінен арнайы құрылған топтар өңірлердегі жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатыр;
бақылауға алынған 258 жобаның жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын 119 учаскесі пайдалануға беріліп, оларда анықталған ақаудың 95 пайызы ретке келтірілген;
"Цифрлық теңге" платформасында "ақшаны бояу" пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл тетік ауыл шаруашылығы мен жол салаларының жекелеген бағыттарында қолданылып жатыр. Кейіннен оны цифрлық жүйемен бірге бюджет қаржысын жұмсаудың барлық кезеңіне енгізу жоспарланған;
медицина, спорт және әлеуметтік қолдау салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары аяқталған;
Денсаулық сақтау секторындағы талдау қорытындысы бойынша дәрі-дәрмектің үстеме бағасы арзандағаны жөнінде ақпарат берді. Бұл азаматтардың қажеттілігін өтеп, әлеуметтік мәселелерін шешуге оң әсер етеді:
елімізде науқастарға QR-код арқылы тегін дәрі-дәрмек беру жобасы іске қосылды. Аталған бастама жалған рецепттер жазып беру, дәрі-дәрмектерді ұрлау тәуекелдерін азайтып, бюджет қаржысын үнемдейді;
халықаралық ынтымақтастықтың нәтижелері, соның ішінде Әзербайжан, Ресей, Гонконг, Иордания және Қатар елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен меморандумдарға қол қойылғаны туралы айтты;
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттер тобының ұсынымдарын іске асыру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді. Оның аясында озық халықаралық тәжірибені енгізуді көздейтін 2 заң жобасы Мәжілістің қарауына ұсынылған.
Мемлекет басшысы еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі жалғастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.