26 жел, 2022 сағат 09:32

Тоқаев Алматыда өтетін шахмат бойынша әлем чемпионатына қатысушыларды құттықтады

Сурет: tvernews.ru

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев рапид пен блицтен ерлер мен әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионатына қатысушыларды құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда әлем біріншілігінің ашылуына орай рапид пен блицтен ерлер мен әйелдер арасындағы шахматтан әлем чемпионатына қатысушыларға құттықтау жолдады. Шахмат әлеміндегі осы маңызды оқиғаға қатысу үшін Қазақстанға 50-ден астам елдің үздік спортшылары жиналды.

"Халықаралық шахмат федерациясының басшылығына осы турнирді Қазақстанда өткізуге көмектескені үшін алғысымды білдіремін. Мұндай беделді жарыстар, әрине, біздің елімізде шахматты танымал етуге септігін тигізеді. Бүгінде қазақстандық шахматшылар балалар мен ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Олардың жетістіктері өскелең ұрпақты интеллектуалды спортпен айналысуға, үлкен мақсаттар қоюға және оларға қол жеткізуге шабыттандырады", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халықаралық шахмат федерациясымен ынтымақтастыққа дайын.

"Бұл біздің адами әлеуетті нығайту және зияткерлік ұлтты қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетімізге толық сәйкес келеді. Турнирдің барлық қатысушыларына жақсы әсер мен жеңіс тілеймін!" - делінген құттықтауда.

Шахматтан әлем чемпионаты Алматыда 2022 жылдың 25-30 желтоқсанында өтеді. 50 елдің жетекші шахматшылары титулдар үшін таласады.