08 қыр, 2022 сағат 15:15

Тоқаев әкімдердің өрт сөндіру жұмыстары туралы есебін тыңдады


Мемлекет басшысы әкімдердің өрт сөндіру жұмыстары туралы есебін тыңдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары әкімдерінің өңірлердегі өрт сөндіру жұмыстары туралы шұғыл баяндамаларын тыңдады.

Әкімдер өрт ошақтарын сөндіру үшін қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ табиғи апатқа қарсы таяуда атқарылатын іс-әрекет жоспарлары туралы хабарлады. Бұл іс-шараларға Ұлттық ұлан мен Қарулы Күштердің бөлімшелері жұмылдырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына өрт салдарынан болған залалды қалпына келтіру және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету шаралары жөнінде айтылды.

Сондай-ақ әкімдер өз аймақтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.

Президент премьер-министрге Төтенше жағдайлар министрлігінің өңірлік бөлімшелерін арнаулы техникамен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді тапсырды.