03 мам, 2022 сағат 15:33

Тоқаев 9 мамырда "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоғын қояды

Фото:akorda.kz

Қарулы Күштер Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының бастығы Серік Бурамбаев Қазақстанда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында қандай мерекелік шаралар өтетінін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оның айтуынша, 6 мамырда "Қазақстан" орталық концерт залында Жоғарғы Бас қолбасшының, Ел Президентінің барлық әскери қызметшілерге, Қарулы Күштер мен соғыс ардагерлеріне, елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған құттықтауы оқылады. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталады.

"Қазақстанның барлық өңірлерінде даңқ мемориалдарына, әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерге арналған ескерткіштерге, Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіштер мен обелисктерге гүл қою рәсімдері өтеді.

9 мамырда Нұр-Сұлтанда Мемлекет басшысының қатысуымен "Отан қорғаушылар" монументіне гүл шоқтары қойылады. Сондай-ақ осы күні еліміздің барлық қалаларында гүл шоқтары қойылып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіледі", - деді Серік Бурамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Мереке күндері, елді мекендерде, қарттар үйінде, ардагерлер тұратын аулаларда, сауда, ойын-сауық орындарында Қарулы Күштердің шығармашылық ұжымдарының қойылымдары өтеді.

Серік Бурамбаев мұндай шаралар Қазақстанның барлық аймақтарында өтетінін айтты.

Сонымен қатар, 7 мамырда Есіл өзенінің жағасындағы қалалық саябақтың амфитеатрында Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік концерт өтеді.