15 қаз, 2020 сағат 19:33

Тоғжанов Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының жұмысын тексерді

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының санитарлық-карантиндік пунктін, шекаралық бақылау және басқа да қызметтерінің жұмысын тексерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінде айтылғандай, делегация халықаралық рейстермен келетін жолаушылардың қозғалыс маршрутымен толық танысты. Атап айтқанда, жолаушылардың әуелайнерден түсуі, контактісіз термометриядан өтуі, сауалнама толтыруы, сондай-ақ ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуден өткені туралы анықтамасы жоқ азаматтарды карантиндік стационарға орналастыру үшін автобустарға отырғызу процедуралары тексерілді. 

Қазанның 14-інен 15-іне қараған түні Нұр-Сұлтан әуежайына бортында 533 жолаушысы бар 5 ұшақ қонды. Келген азаматтардың 118-інде COVID-19-ға ПТР-талдаудың теріс нәтижесі туралы анықтамалары болмаған. Олардың барлығы ПТР-талдау тапсыру үшін екі тәулікке карантиндік стационарға орналастырылды. 

Елорда әуежайын тексеру қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары авиажолаушылар бетперде режимі мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтау керектігін атап өтті. Сондай-ақ қадағалаушы органдарға санитарлық қызметтердің нұсқамаларын жіті қадағалап, орындауды жүктеді. 

Сонымен бірге, вице-премьер бірлесе жұмылғанда ғана COVID-19 пандемиясының таралуын түпкілікті тоқтатуға болтындығын баса айтты.