24 там, 2020 сағат 15:41

Тоғжанов елордадағы жұмысын қайта бастаған бірқатар нысанды аралады

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдерімен қатаң карантиндік шектеу шараларын жеңілдетудің бірінші кезеңі аясында өз қызметін қайта бастаған бірқатар нысанның санитарлық-эпидемиологиялық және термометрия талаптарының сақталу барысын тексерді. Бұл жөнінде primeminister.kz сайты хабарлады.

Тексеру Mega Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында, «Эталон» сауда-құрылыс базарында және Нұр-Сұлтан қаласының орталық базарында жүргізілді. 

Сауда нысандарын аралау барысында кәсіпкерлер сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмыс режимін сағат 22:00-ге дейін, ал базарлардың жұмыс режимін сағат 20:00-ге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру жөнінде бастама көтерді. 

Тоғжанов Денсаулық сақтау министрлігіне жақын арада өтетін COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК-та сауда нысандарының жұмыс уақытын ұлғайту бойынша кәсіпкерлердің барлық ұсыныстарын шығаруды тапсырды. 

Елордалық нысандарды аралау қорытындысы бойынша Тоғжанов кәсіпкерлерді сауда нысандарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды. 

Сондай-ақ азаматтарды өздерінің және жақындарының денсаулығына мұқият болуға шақырды. 

Өз кезегінде, кәсіпкерлер ҚР Үкіметіне бизнеске қолдау көрсеткені және қамқорлығы үшін алғыс айтты.