Фото: Т. Турловтың парақшасынан
Қазақстандық кәсіпкер, қаржыгер әрі меценат, Freedom Holding компаниясының негізін қалаушы және иесі Тимур Турлов Конституция жобасына қатысты пікір білдірді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында заңдарды оқу мәдениеті, қоғам мен мемлекеттің құқықтық санасы, сондай-ақ жаңа Конституциядағы цифрлық құқықтардың маңызы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.
"Жас ұлғайған сайын заңдарды оқу қажеттілігі бұрынғыдан да маңызды болып көрінеді. Көпшілік үшін бұл қорқынышты дүние сияқты: адамдар заңдар тек заңгерлерге арналған деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде заңдардың басым бөлігін өз бетінше оқып, түсінуге болады. Көп жағдайда бұл өмірде өте пайдалы – нені жасауға болатынын, нені жасауға болмайтынын біліп жүру маңызды.
Біздің елде заңдар әдетте түсінікті тілмен жазылады, жалпы алғанда оларды ұғыну аса қиын емес. Ол үшін міндетті түрде қандай да бір ерекше мамандарға жүгінудің қажеті жоқ. Заңдардың өз логикасы бар, айқын логикасы, нақты басымдықтары, индикаторлары мен мерзімдері көрсетіледі. Оларды оқу шешім қабылдау кезінде пайдалы контекст береді. Құжаттардың тілін және ішкі логикасын түсінген кезде серіктестермен сөйлесу де жеңілдейді. Жалпы, оқудың өзі – пайдалы.
Өз Конституцияңды біліп, түсінуден маңызды не болуы мүмкін? Бұл – еліміздегі құқық пен билік жүйесінің философиясы мен практикасын айқындайтын ең басты, негізгі шеңбер.
Маған Конституция жобасы ұнады. Құжат қазіргі кезеңде өзара іс-қимылдың объективті шеңберін көрсетеді және ол маған осы сәтте оңтайлы болып көрінеді. Әрбір ел, әрбір қоғам өзінің даму кезеңінде бірегей. Бір ел үшін «жақсы» саналатын конституция белгілі бір уақытта және белгілі бір жағдайда басқа елге керісінше зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл шеңбердің қоғаммен бірге эволюциялануы – қалыпты құбылыс деп санаймын.
Кәсіби тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық құқықтары туралы айтылғанына қуаныштымын және олардың конституциялық деңгейде бекітілуі – маңызды қадам. Бұл – елеулі өзгеріс: цифрлық платформалар, деректер мен алгоритмдер конституциялық маңызға ие бола бастайды, ал цифрлық құқықтар – жеке өмірге қол сұқпаушылық пен құпиялылық сияқты дәстүрлі құқықтарды кеңейтетін жаңа құқықтар санаты.
Біздің мемлекет барған сайын цифрландыру бағытына бет бұрып келеді. Қазір барлығы цифр төңірегінде: Президент жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес, жеке министрлік, озық цифрлық вице-премьер мен вице-министрлер, елімізге келіп жатқан жетекші технологиялық компаниялар – күш-жігер мен жетістіктің басым бөлігі осы салаға шоғырланған.
Ал мемлекеттің цифрлық ортаны енді адам құқықтарының конституциялық кеңістігі ретінде мойындауы – осы мемлекеттің кемелденгенін білдіреді", - дейді ол.
