15 нау, 2017 сағат 12:08

Тимур Сүлейменов: Трамп - популист

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Дональд Трампты "популист", ал оның қазіргі президенттік қызметін "тұрлаусыз" деп атады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Алматыда өтіп жатқан CFO Summit Kazakhstan саммитінде Тимур Сүлейменовке мынандай сұрақ қойылды: "Дональд Трамптың АҚШ президенті болып тағайындалуы Қазақстанға жақсы ма әлде жаман ба?" Ұлттық экономика министрі болса, бұл сұраққа былай деп жауап берді:  "Әрине, ол (Дональд Трамп - автор.) - популист. Мен, экономист әрі осы сайлаулардың сарапшысы ретінде мұнымен 100 пайызға келісемін. Мұнымен келіспейтін адам жоқ шығар. Оның саясаты протекционизмге бағытталған. Американың экономикасы мен саясатының әсерімен ол, әрине, жаңа бір шынайылықты қалыптастырады. Бірақ протекционизм басқа біреулермен қарым-қатынастағы уағдаластықтан бас тартуға алып келуі мүмкін. Осылайша, АҚШ-тың көші-қон саясаты белгілі бір тренд шығарады. Себебі, АҚШ - трендсеттер".

Сондай-ақ, Сүлейменов Трамптың реформасына кедергі келтіретін жағдайлардың бар екенін айтып өтті. 

"Оның жұмысына баға беру қиындау. Тұрлаусыздық - міне, бұл сөз сол туралы. Сондықтан меніңше, бұл мәселеде абай болу керек. Сондай-ақ, мені Қытаймен қарым-қатынасымыз мазалайды. (...) Америка мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, әрине, бізге де әсер ететін болады", - деді Сүлейменов.