17 қаң, 2022 сағат 17:55

Тимур Құлыбаевқа тиесілі компания "ҚазАзоттағы" акцияларын сатты


Kazakhstan Petrochemicals ЖШС "ҚазАзот" АҚ акциясының 85 пайызын сатып алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

"ҚазАзот" баспасөз қызметі мәліметінше, акция сатып алу бойынша мамандандырылған сауда-саттық 2021 жылы 10 желтоқсанда өткен. Белсенді өтінімдер көлемі 85 000 қарапайым акция болды. Ал берілген өтінімдер бойынша орташа баға 788 858,82 теңге болды.

"Сауда-саттық қорытындысы бойынша акционерлік қоғамның қарапайым акцияларының 85 пайызын Kazakhstan Petrochemical ЖШС сатып алған, 15 пайызы бұрынғы иесі Бахаридин Әбіләзімовте қалған. Осылайша, Joint Resources АҚ (100 пайыз Тимур Құлыбаевқа тиесілі), Дінмұхамед Ыдырысов және Ержан Достыбаев өз акцияларын сатты", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, былтыр желтоқсанның аяғында "ҚазАзот" АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Жаңа құрамға сайланғандар: Әбләзімов Б.Н. - директорлар кеңесінің мүшесі, директорлар кеңесінің төрағасы, Аязбаев Р.Р. - директорлар кеңесінің мүшесі, Ісқазиев К.О. - директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор, Ибрашев К.Н. - директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор, Маулешев А.А. - директорлар кеңесінің мүшесі. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, "ҚазАзот" АҚ директорлар кеңесі бес адамнан құралған.

"ҚазАзот" - аммиак пен аммиак селитрасын өндіруші әрі экспорттаушы. Кәсіпорын Маңғыстау облысында орналасқан.

Joint Resources - инвестициялық қызметпен және активтерді басқарумен айналысатын компания. KASE мәліметі бойынша, компания акциясының 100 пайызы Тимур Құлыбаевқа тиесілі.

Еске сала кетейік, Қазақстанға танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы қызметінен кеткен еді.

Ал, Бахаридин Әбіләзімов бүлік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдап, "Күшіміз бірлікте" қорына 500 миллион теңге аударған болатын.