Фото: Pexels.com
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерді бақылап, азаматтардың аккаунттарына заңсыз қол жеткізген 18 жастағы күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол эфир барысында қолданушылардың телефон нөмірлері мен экрандарын байқаған. Экранға түскен мессенджерге кіруді растау SMS-кодтарын пайдаланып, жәбірленушілердің парақшаларын бұзып кірген.
Бөтен аккаунттарға кірген соң, күдікті жәбірленушілердің атынан олардың таныстарына «қарызға ақша беру» жөнінде жалған хабарламалар жолдап, түскен қаражатты өз шотына аударған.
Алаяқтықтың салдарынан облыстың бес тұрғыны зардап шекті. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.
Полиция азаматтарды онлайн-трансляциялар кезінде барынша сақ болуға шақырды. Жеке деректерді — ЖСН, банк картасының нөмірін, мекенжай мен телефон нөмірін — тікелей эфирде жария етпеу қажеттігін ескертті.
