08 қыр, 2016 сағат 12:15

Террорлық актіні жасаймын деген адам өз ойын қару-жарақсыз-ақ іске асыра алады - Қ.Жолдыбай

Дінташуы ғалымның айтуынша, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында қару-жарақ айналымын бақылауды күшейту шараларын қолға алған дұрыс. Алайда экстремизм мен терроризмнің идеологиямен тығыз байланысты екенін ұмытпау қажет. Сондықтан осы саладағы жұмысты қоғам санасын тәрбиелеу тұрғысында да жүргізген жөн, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

"Бұл жерде террорлық актіні алдын алуға байланысты баптар ғана қарастырылған. Ал экстремизм, шектен шығу, қоғамның арасына іріткі салу, адамдарды қатыгездікке тәрбиелеу идеологиясына қарсы жұмыс қарастырылмаған. Меніңше, осы жағын қоғам күтіп отыр. Енді, қару-жарақты бақылау және тағы басқа мәселелер жақсы нәрсе, адамның санасы экстремизм мен терроризмге дайын болса, адам террорлық актіні жасаймын деген ниетте болса, оған қару-жарақтың қажеті жоқ. Еуропада не болғанын жақсы білеміз. Оны жүк көлігімен де жасауға болады. Жарылғыш заттарды қолдан да жасауға болады. Сондықтан осы жағын реттеу керек. Қоғам соны күтіп отыр", - дейді Қ.Жолдыбай.

Айта кетейік, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында экстремистік және террористік қылмыстар үшін жазалау шараларын күшейту, қару-жарақтың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және есірткі бизнесі саласындағы қылмыстар бойынша балама тергеуді енгізу, атуға дайын тұрған қару-жарақ сатуға тыйым салу, қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттары бар нысандарын күзететін ұйымдарға ерекше талатар белгілеу, қару-жарақ айналымына, оны сақтау тәртібіне бақылауды күшейту, соның ішінде азаматтық және қызметтік қару-жарақ пен оқ-дәрілердің айналымы саласында жұмыс істейтін, сондай-ақ күзет қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субьектілерді мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібін қолға алу, экстремизм мен терроризмге ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің іс-әрекеттеріне тыйым салу, күзет құрылымдарының және террористік қауіп тұрғысынан дұрыс күзекте алынбаған нысан иелерінің терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы сақтамағаны үшін, сондай-ақ арнайы теxникалық құралдардың жарамсыздығы үшін әкімшілік жауапкершілігін белгілеу, жеке тұлғаларды тіркеу тәртібін бұзған адамдар үшін кейбір мемлекеттік қызмет көрсетуге рұқсат беруді шектеу, елді мекендерде өмір сүрудің санитарлық нормаларын белгілеу, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда шетелдіктерді елден шығару үшін негіздемелерді нақтылауға бағытталған түзетулерді бірқатар заңнамалық актілерге енгізу шаралары қарастырылған.

Арман АСҚАРОВ