08 қыр, 2016 сағат 11:35

Терроризм бабымен сотталғандардың мүлкі тәркіленеді

Терроризм және экстремизм бабымен сотталғандардың мүлкін міндетті түрде тәркілеу ензгізіледі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Ұлттық комитеті төрағасының орынбасары Марат Қолқобаев мәлім етті. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

«Заң жобасымен бес кодекс пен 19 заңға өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің террористік баптары бойынша террористік қылмыстар үшін жазалар күшейтіледі. Бұдан бөлек, экстремизм мен терроризм бабымен сотталғандардың мүлкін міндетті түрде тәркілеу қарастырылып отыр. Террористік қылмыстардың азаматтарымыз бен мемлекетке қауіпінің артып отыруына байланысты мұндай норма енгізу қажетті шаралардың бірі болып табылады», - деді М.Қолқобаев.

Оның айтуына қарағанда, Қылмыстық-процессуалдық кодексте қару-жарақтың заңсыз айналымы, заңсыз көші-қон және есірткі бизнесі саласындағы қылмыстар бойынша ұлттық қауіпсіздік органдары үшін балама тергеулер енгізу қарастырылады. Бұндай шара негізінен есірткінің, қару-жарақтың заңсыз айналымы терроризмді қаржыландырудың негізгі көзі болып табылатындықтан енгізіліп отыр.

«Бұдан бөлек, тіркеусіз жеке тұлғаларды тұрғызғаны үшін тұрғын үй иелеріне, атыс тирлерін ашу мен оның қызметіне қатысты заңнаманы бұзғандарға, жеке күзет ұйымдарының арнайы күзет киім формасын заңсыз киіп жүргені үшін  әкімшілік жауапкершіліктер енгізу көзделеді. Қару-жарақтың жекелеген түрлеріне мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Қаружарақтың айналымы мен оны сақтауға, сонымен қатар, осы салада қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілеріне талап күшейтіледі. Қаружарақ дүкендерінің орналасу талаптары қатайтылып, атуға дайын жағдайдағы, оқталып тұрған қаруларды сатуға тыйым салынады», - деді ҰҚК өкілі.

Бұнымен қоса, заң жобасымен күзет ұйымдарына қатысты талап та күшейтіледі. Атап айтқанда, күзет қызметіне қабылданатын тұлғаларға қатысты ерекше талаптар нақтыланады. Бұл ретте күзет фирмаларының қызметкерлеріне қару-жарақтар, оқ дәрілер мен жарылғыш заттары бар күзетілетін нысандардағы дабылдардың іске қосылуына қатысты ішкі істер органына жедел хабарлау туралы міндеттер жүктеледі.

Сонымен қатар, экстремизм мен терроризмге ықпал ететін діни топтар мен бірлестіктердің іс әрекетіне тыйым салу көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.

New layer...