23 қар, 2017 сағат 16:30

Терминқорды жүйелеу жұмыстары бойынша ғылыми-теориялық конференция өтті

Термин – ғылым мен білім тілі. Сан сала ұғымдары мен түсініктерінің, сөздер мен сөз тіркестерінің тоғысы. Кез келген сала терминін білмейінше, кәсіби маман болу мүмкін емес. Сондықтан да, терминология жаһандық деңгейде жаңару мен даму жолында.

Бүгінде қазақ терминологиясы сан ғасырлық тарихы бар ғылыми негізі, қағидаттары мен ұстанымдары, зерттеу әдіс-тәсілдері қалыптасқан тіл білімінің бір саласы болып отыр. Дегенмен терминжасамда түйіні тарқамаған түйіткіл көп. Осыған орай, бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы «Ұлттық терминқорды жүйелеудің теориялық және ғылыми-тәжірибелік негіздері» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді.

Конференция ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Мелдешовтың алғы сөзімен басталды.

- Термин, терминжасам мемлекеттік мәселе болып саналады. Бүгінгі күнге дейін 18 000 термин бекітілсе, мемлекеттік бағдарламаға сай 2020 жылға дейін 27 000 термин бекітілуі тиіс. Осыдан-ақ бүгінгі басқосудың маңызы мен салмағын сезініп отырған боларсыздар. 1992 жылдан бері терминология мәселелеріне байланысты түрлі деңгейде іс-шаралар жүргізіліп келеді. Соның ішінде ғылыми-теориялық конференция соңғы рет 2011 өткізілген екен. Араға алты жыл салып ұйымдастырылып отырған конференция көңіл қуантарлық нәтижеге қол жеткізеді, практикалық тұрғыда шешімін таппаған мәселелердің басы ашылады деген сенімдемін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,- деді ол.

Мұнан соң модератор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ф.ғ.д., профессор Ш.Құрманбайұлы пленарлық мәжілістің алғашқы баяндамасын оқу үшін экономика ғылымдарының кандидаты Ж.Құлекеевке сөз берді. Ол өз кезегінде тіліміздің даму барысында орын алып отырған олқылықтарға тоқталд

- Біріншіден, айналымда жүрген, бүкіл халыққа түсінікті ағылшын не батыстың дамыған тілдерінен енген сөздердің орнына ұмыт болған парсы, араб тілінен енген сөздерді жаппай ауыстыру басталды. Мысалы: сынып, рәсім, рәміз, мүшайра. Одан қалды, мыңдаған жылдар бойы айналымда жүрген сөздердің этимологиясын түсінбеу салдарынан орнықты сөздердің мағынасын өзгерту үдерісі басталды. Мәселен, «гвоздика» «қалампыр деп аударылып жүр. Ал ол парсы тілінде «ащы қызыл бұрыш». Екіншіден, ұзақ мерзімді қолданыста жүрген сөздердің төркінін түсінбеудің салдарынан түрік тілінен, орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілінде жасанды балама жасау сәнге айналды. Айталық, баклажан, кабачок, курага деген сөздер орыс тіліне түрік тілінен енген. Үшіншіден, халықаралық терминдерді орыс сөзінен қашу керек деген желеумен жасанды балама табу үрдіске айналды. Гиппопотам, жираф, пианино. Рояль қай тілді алып қарасақ та, ол солай аталады. Оны ешбір ел тіпті дамыған мемлекеттердің өзі өзгертіп отырған жоқ. Себебі халықаралық терминологияда ғылыми категорияларды қалыптастырудың ортақ тәртібі орналасқан. Қазақстанда ғана кездесетін қарсақты ешкім өз тіліне бейімдеп, жаңадан ат берген жоқ қой. Төртіншіден, ғылым мен техниканың дамыған заманында ғылыми категорияларды орнымен ұқыпты пайдалануымыз керек. Тек тілімізге бейімдейміз деп ғылымды ұмытатын болсақ, түсініксіз термин қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына тек тежеу болады, - деді Ж.Құлекеев.

Ғылым кереғар пікір туындағанда ғана діттеген межеге жете алады. Бұл аксиома. Конференция барысында ғалымдар бір-бір бірінің пікіріне қарсылық танытып отырды. Мәселен, «Алаш және Ұлттық терминқор» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Құрманбайұлы А.Байтұрсыновқа сүйене отырып, ғылым тілін мейлінше ықшамды, түсінікті етіп, қазақ тіліне икемдеу керек деген пікірін ортаға салды.

- Қазақ терминологиясы өз бастауын 1920-30 жылдардан алады. А.Байтұрсынов: «Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік). Мəдени жұрттардың тіліндегі əдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пəн сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек» - дейді. Сол кезеңде бүгінгі біз қолданып жүрген пәндік сөздерді, мәселен, тіл біліміне қатысты сөздердің 80-90 пайызын А.Байтұрсынов, ботаника ғылымына қатысты 300 сөзді Жұмахан Күдерин, математика терминдерін Е.Омаров пен Қ.Сәтбаев енгізіп кетті. Сол сөздерді бүгінге дейін қолданып келеміз. Яғни сәтті бекітілген терминдер. Мұны көріп отырып халықаралық терминдерді сол қалпында қолдану қажет дегенге келісуге болмайды. Мағынасын дөп басатын сөз табылса, неге қазақыландырмасқа? Ал мағынасы өзгеріске ұшырайтын және түсінуге қиын келетін сөздерді халықаралық стандартқа сай қолданайық,- деген көңілге қонымды пікір білдірді.

Иә, Алаш қайраткерлері қазақ терминологиясының негізін қалап, қағидаттарын да бекітіп кетті. Ал 1930 жылдардан бастап Ресей үкіметі терминді тек орыс тілінде қолдану үрдісін күштеп енгізді. Біз әлі күнге дейін соның ықпалынан шыға алмай келеміз. Түркия болса, техника тілін 80 пайыз өз тіліне бейімдеп алды.

Осы орайда, тіл жанашыры, терминология саласының басы-қасында жүрген А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор, ф.ғ.д. Ерден Қажыбек қазақ терминологиясындағы түйіткілдерді ашып айтты:

"Әр ұлтта, әр мемлекетте терминологиялық қор шамамен қанша болуы керек? Ғылымның, өндірістің, шаруашылықтың салалары жіктегенде жүзге жетеді. Яғни олардың әрбірінде кемінде 5000-нан астам термин бар. Орта есеппен 10-15 мың дейміз. Ал біз соңғы 20-25 жылдың көлемінде, жалпы, 20-30 мыңдай термин бекіттік. Енді қараңыз біз қаншалықты кешеуілдеп келеміз?.. Әр саланың 10-20 пайыз өзгертілмейтін негізгі тірек сөздері болады. Мәселен, алгебрадағы синус, косинус, котангенс, тангенс сынды. Ал қалған 80 пайызын өз тілімізге икемдеп, ыңғайлап бекітуімізге болады. Қосу, алу сынды. Қазақ тілі өте бай. Тіпті, ғарыш әлемі, геология, гиодезия салаларының салалық сөздерін дөп басуға, нақ жеткізуге қор жеткілікті. Бұл біздің басты байлығымыз, әрі мүмкіндігіміз. Сондықтан мұны қажетімізге дұрыс пайдалана алуымыз керек. Сонда салалық қазақ тілін сөздікпен аударып, дүбара күйге түспейміз» - деген ғалым сөзін қазақ терминқорының халықаралық әлеуетімен сабақтады. Сондай-ақ, қазақ терминжасамы нұсқаумен, бұйрықпен дамымайтындығын алға тартты.

Конференцияда заң саласы терминдерінің қолданысындағы сәйкессіздіктері де сөз болды. Бұл туралы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. С.Құлманов баяндады:

"Біз наркотикті есірткі деп аудардық. Ал оны емдейтін дәрігер сол күйі нарколог болып қолданылады. Осы секілді терминологияда жан-жақты қарастырылмаған қайшылықтар көп. Мұны мемлекеттік деңгейде шешу керек" - деді ол.

Жиын барысында латын графикасына негізделген жаңа әліпбимен терминдерді жазу жайы да талқыланды. Ғалымдар емле-ереже нақтыланбай, бұл сұрақтың нақты жауабы болмайтындығын кесіп айтты. Пленарлық мәжіліс секциялық мәжіліспен жалғасты. Секциялық отырыста тіл біліміндегі жаңа сөздердің зерттелуі мен жүйеленуі, терминжасамдағы транслитерация мәселелері сынды өзекті тақырыптар қозғалып, тіл мамандары өзара пікір алмасты.

Конференция соңында ұлттық термиқорды жүйелеу, жетілдіру кезінде мына мәселелерді ескеру жөнінде ұсыныстар берілді:

* Қазақ терминологиясының даму кезеңдері ғылыми тұрғыдан зерделеніп, әр кезеңнің терминқор қалыптастыру тәжірибесі ескерілсін;

* Қазақ тіл білімінің, ұлттық терминологиялық қордың негізі қаланған ХХ ғасыр басындағы алаш тағылымы, алаш зиялыларының мұрасы жан-жақты зерттеп, олардың терминжасам тәжірибесін, термин үлгілерін назарға алу;

* Ұлттық терминқорды қалыптастыруда әлем тілдерінің терминқор қалыптастыру тәжірибесі мен терминалмасым үрдісіне де талдау жасалып, олардың ұтымды тұстарын терминологиялық жұмыстарды жүргізуде пайдалану;

* Терминдерді жинақтау, реттеу, бекіту, стандарттау жұмыстарын жоғары кәсіби деңгейде жүргізу жауапкершілігі нақты бір мекемеге, органға жүктелуі қажет;

* Терминдерді аудару сапасы қадағаланып, сараптау жұмыстарын жүргізу тетігін жасау, қолға алу;

* Кірме терминдерді тілге қабылдау ережелері мен тәсілдерін қайта қарап, бекіту тетігін қалыптастыру.

P.S. Термин - тек тіл мамандары шұғылданатын сала емес. Кез келген саланың кәсіби терминдері мен түсініктері бар. Сондықтан термин саласындағы кемшілік пен олқылықты тек тіл мамандарының қателігі деп қарамауымыз қажет. Термин жасауға кез келген сала маманының араласуға, пікір білдіруге, қолдау көрсетуге хақысы бар.