Атырау қаласында тұратын 81 жастағы ардагер Бәтіш Нәсіпқалиева тергеу изоляторында 40 жылға жуық жұмыс істеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесіне медбике болып жұмысқа қабылданғанда, қобалжыған жасырмайды. Өйткені, бұл – ерекше күзетілетін мекеме. Дегенмен тергеу изоляторында 40 жылға жуық жұмыс істеп, зейнетке шыққан.
«Әр мамандықтың иелері жұмыс кезінде қиындыққа тап болып, қуанышқа бөленіп жатады. Мен тергеу изоляторына медбике болып жұмысқа орналасқан кез бүгінгіден өзгеше еді. Жұмыс орнымыздың аты айтып тұрғандай, түрлі қорқынышты жағдайлар болғанын жасырмаймын. Соған қарамастан, тергеу изоляторындағы әр адамға жасаған қылмысына қарамай, медициналық көмек көрсетуіміз керек. Біз мұны қызметтік міндетіміз деп түсіндік. Сол міндетімізді адал атқардық. Осы мекемеде көзді ашып-жұмғанша 40 жылға жуық жұмыс істегенімді аңғармай қалдым», - дейді 81 жастағы ардагер Бәтіш Нәсіпқалиева.
Бүгін, 1 қазан – халықаралық қарттар күніне орай УГ-157/1 мекемесінің қызметкерлері ардагер Бәтіш Нәсіпқалиеваны үйіне құттықтап келді.
«Біз ардагеріміздің өмір жолын үлгі тұтамыз. Бір мекемеда табан аудармай, 40 жылға жуық жұмыс істеу оңай емес. Бәтіш апамыз қиындықты еңсеріп, қызметтік міңдетін адал атқарды. Еңбекқорлымен кейінгі жастарға өнеге көрсетті» - дейді мекеменің кадр саясаты тобының аға инспекторы Мәди Өтебаев.