Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мысырдағы қазақстандық дипломаттың қазасына байланысты тілшілердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әзірге тергеу жүріп жатыр. Тергеу нәтижесі біздің жаққа берілген жоқ. Сондықтан күте тұрайық. Олар (іс-материалдары) қазір Египеттің Бас прокуратурасында, сол елдің сыртқы істер министрлігі арқылы бізге беріледі. Жаңа жылға дейін, осы аптаның соңы немесе келесі аптада марқұмның денесі елге жеткізіледі деп күтудеміз», - дейді Мұхтар Тілеуберді Үкімет отырысынан кейін.
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, суицид - ең бірінші нұсқа ретінде қарастырылып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін СІМ Египетте өз қызметкерінің қайтыс болғанын растаған болатын.
Кейбір ақпарат құралдары қазақстандық дипломаттың өлімінің жұмбақ мән-жайы туралы хабарлаған еді. Атап айтқанда, Е. Жолдасовтың кіреберісте қолдары артына байланып, өлі күйінде табылғаны туралы ақпарат жарияланды.
Ал ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан Республикасының Египеттегі Елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың қазасына қатысты қауесетке түсінік берді. Оның айтуынша, марқұмның денесінде ешқандай дақ, көгеру, қандай да бір жарақат болмаған. Аяқ-қолы байланбаған.