Фото: ашық дереккөзден
Петропавлда бірнеше рет пәтер ұрлығын жасаған 55 жастағы ер адам қолға түсті. Күдікті есікті бұзбай, терезені күшпен ашу арқылы тұрғын үйлерге кіріп отырған, деп хабарлайды Ult.kz.
2026 жылғы 3 наурызда Qazaqstan Media басылымының хабарлауынша, кемінде екі қылмыс бірдей тәсілмен жасалған. Пәтер иелері үйде жоқ сәтті пайдаланған ер адам жылдам әрі үнсіз әрекет еткен.
Оқиғалардың бірінде оның олжасы жарты миллион теңгеге жуық алтын әшекей болған.
Қылмыстың ашылуына бейнебақылау камералары септігін тигізді. Жазбалар арқылы жедел қызметкерлер күдіктінің ізіне түсіп, көп ұзамай оның жеке басын анықтаған.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті мәліметінше, ұсталған азамат бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар үшін құқық қорғау органдарының назарына іліккен 55 жастағы Петропавл тұрғыны. Қазір ол қамауда. Ұрланған мүліктің бір бөлігі тәркіленген.
Тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер дәл осы тәсілмен жасалған басқа да қылмыстар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Жыл басынан бері өңірде тұрғын үйге заңсыз кіру арқылы жасалған тоғыз ұрлық тіркелген. Барлығы ашылған. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай 11 дерек тіркелген.
Бұған дейін Алматы қаласында криминалдық полиция пәтер ұрыларынан құралған топты ұстағаны хабарланған болатын.
