11 сәу, 2022 сағат 10:05

Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы әлемдік рейтингіде көтерілді


Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) жаңартылған рейтингісінде жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші 37-ден 36-орынға көтерілді. 

Михаил Кукушкин 160-тан 162-ге, Дмитрий Попко 169-дан 173-ке сырғыса, Тимофей Скатов 193-сатыда қалды.

Рейтинг көшін бұрынғыша сербиялық Новак Джокович бастаса, ресейлік Даниил Медведев екінші, германиялық Александр Зверев үшінші орында.

Жұптық сында Джо Сэлисбери (Ұлыбритания), Раджив Рам (АҚШ) және Мате Павич (Хорватия) үздік үштікте.

Қазақстандық Андрей Голубев 24-орнын сақтап қалса, Александр Недовесов 62-ден 63-ке, А.Бублик 67-ден 68-ге төмендеді.

А.Бублик бүгін Монте-Карло ATP Masters 1000 турнирінде алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарыстарының үш дүркін жеңімпазы, швейцариялық Станислас Вавринкамен ойнайды.

Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) рейтингісінде Польша өкілі Ига Свёнтек көшбасшылық рөлін сақтаса, чехиялық Барбора Крейчикова және испаниялық Паула Бадоса сәйкесінше екінші және үшінші сатыда.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 18-ден 19-ға, ал Юлия Путинцева 46-дан 52-ге төмендеді. Ю.Путинцева 2018 жылдан бері алғаш рет үздік елуліктен шығып қалды. Зарина Дияс 113-орында қалды. 

Жұптық сында чехиялықтар Катерина Синякова мен Барбора Крейчикова және бельгиялық Элизе Мертенс алда келеді. 

Қазақстандық Анна Данилина 21-ден 20-ға көтеріліп, өзінің үздік көрсеткішін қайталаса, Е.Рыбакина 54-сатыда келеді.

Қазақстан әйелдер құрамасы 15-16 сәуірде Билли Джин Кинг кубогының іріктеу сайысында елордада Германия теннисшілерімен шешуші кездесуін өткізеді.