14 сәу, 2022 сағат 13:37

Теннистен Қазақстан - Германия матчының жеребесі тартылды


Бүгін елордада Билли Джин Кинг кубогы аясында 15-16 сәуірде өтетін Қазақстан - Германия іріктеу матчының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, доданы Юлия Путинцева мен әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы Анжелика Кербер бастайды. 

Бұл жұп Ұлттық теннис орталығының орталық кортына жұма күні елорда уақытымен сағат 13:00-де шығады. 

Осы кездесу біткеннен кейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мен Лаура Зигемундқа кезек келеді.

Сенбі күні матч сағат 14:00-де жалғасады. 16 сәуірде Анжелика Кербер – Елена Рыбакина, Юлия Путинцева – Лаура Зигемунд және жұптық сында Анна Данилина/Елена Рыбакина – Анна-Лена Фридзам/Юле Нимайер кездеседі деп жоспарланып отыр.

Үш жеңіске жеткен команда Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.