27 қар, 2021 сағат 19:20

Теннистен Дэвис кубогы: Бублик Қазақстан - Швеция матчында есепті теңестірді


Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде Қазақстан - Швеция матчында Александр Бублик есепті теңестірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның бірінші теннисшісі швециялық Микаэль Имермен күш сынасты. 

Бірінші ойында Михаил Кукушкин жеңіліп қалғаннан кейін А.Бубликке қалайда таразы басын теңестіру керек еді. 

Бірінші партияда М.Имер 3:0 есебімен алға шықты. Сосын осы басымдылығын сақтай алды - 6:3. 

Есесіне екінші сетте есеп 4:4 болғанда, Бублик брейк жасап, өз геймін де алды - 6:4. 

Үшінші, шешуші партияда А.Бублик қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ - 6:0. 

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Бублик 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. 

Осылайша Қазақстан - Швеция матчында есеп теңесті - 1:1. 

Енді матч тағдыры жұптық кездесуде шешіледі.