25 сәу, 2022 сағат 11:10

Теннисші Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде 18-орынға көтерілді


Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) мен Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) әлемдегі үздік теннисшілердің жаңартылған рейтингісін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингіде 19-дан 18-орынға көтерілді.

Юлия Путинцева бірден жеті саты жоғарылап, 44-орынға жайғасты. Зарина Дияс 116-сатыда келеді.

Жұптық сында Анна Данилина 21-сатыда болса, Шымкенттегі ITF W15 жарысында жеңіске жеткен Жібек Құламбаева 300-орынға шықты. Гөзал Айнитдинова 423-орында. 

Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик те көрсеткішін жақсартып, 33-тен 32-ге жоғарылады.

Михаил Кукушкин 167-ден 164-ке, Дмитрий Попко 171-ден 169-ға көтерілді. Тимофей Скатов 194-інші, Денис Евсеев 345-інші, Бейбіт Жукаев 510-орында тұр. 

Жұптық сында Андрей Голубев 26-ыншы, Александр Недовесов 60-ыншы, Григорий Ломакин 243-сатыда келеді.