11 сәу, 2022 сағат 20:47

Александр Бублик «Үлкен дулығаның» үш дүркін чемпионын ұтты


Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Монте-Карло ATP Masters 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы, қазіргі кезде рейтингте 236-орында тұрған «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, швейцариялық Станислас Вавринкамен кездесті. 

Жарақатына байланысты көптен бері ойнамаған 37 жастағы швейцариялық спортшының бұл соңғы 12 айдағы екінші ойыны еді.

Бірінші партияны Бублик брейкпен бастағанымен, С.Вавринка күш алып кетті – 6:3.

Есесіне екінші сетте Бублик есе қайырды – 7:5.

Шешуші, үшінші партияны қазақстандық спортшы брейкпен тәмамдады – 6:2. 

Екі сағаттан астам уақытқа созылған матч барысында Бублик 14 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 3 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алған жоқ.

Бублик жалпы жүлде қоры 5,8 млн еуроға бағаланған мастерс жарысының үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 19-ракеткасы, испаниялық Пабло Карреньо-Буста немесе рейтингте 66-сатыдағы аргентиналық Себастьян Баестің біреуімен таласады.