«Теңізшевройл» ЖШС-нің Теңіз кенішіндегі екінші буын зауытында ақау шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өндірістік ақау кеше, 6 қарашада анықталған.
Теңіз кенішіндегі екінші буын зауыты Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Теңізшевройл» техникалық ақауларға байланысты Теңіз кенішіндегі нысандардың бірі уақытша тоқтап қалғанын растайды. Қазіргі уақытта барлық өндірістік қондырғы қалыпты режимде жұмыс істеуде», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
Аталған зауытта G-211А маркалы сорғының істен шыққаны анықталған. Өндірістік ақауды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған соң зауыт технологиялық режимге сәйкес жұмысын қайта жалғастырған.
Өндірістік ақау кезінде жұмысшылар эвакуацияланған жоқ.