06 қаң, 2021 сағат 12:45

Теңіз кенішінде коронавирустан емделіп жатқан науқас саны 800-ден асты

«Қызыл» аймаққа қайта оралған Атырау облысының Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар саны 800 адамнан асты, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Өткен тәулікте тағы 101 адамнан коронавирус инфекциясы анықталып отыр. Оның ішінде Атырау қаласында 9 адамнан, Теңіз кенішінде 78 жұмысшыдан коронавирус белгісі табылған. Ал Жылыой ауданында – 2, Құрманғазы ауданында 12 адам қауіпті індетке шалдыққан.

«Науқастардың 12-сінде симптом бар. Өткен тәулікте коронавирус инфекциясынан 32 адам емделіп шықты. Қазір 321 адам үй жағдайында емделуде. Облыстық инфекциялық стационарда - 95, аудандардағы стационарларда - 39, Теңіз кенішіндегі стационарда - 811 адам ем қабылдап жатыр» деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде бір тәулікте 144 жұмысшыдан коронавирус анықталған болатын.