28 шіл, 2021 сағат 17:54

Теміртауда жол апатынан әкесі мен 10 жасар ұлы қаза тапты


Бүгін Теміртау маңында жол апаты болып, 36 жастағы ер адам мен оның 10 жасар ұлы қаза тапты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жол-көлік оқиғасы таңертең Нұрқазған кеніші ауданында Теміртау қаласына жақын маңда болды. 

Жүк көлігі мен жеңіл көліктің соқтығысуынан 36 жастағы ер адам мен оның 10 жасар ұлы көз жұмған. 

28 шілде күні сағат 09.00 шамасында Lada Granta автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі Ақтау кенті жағынан Теміртау қаласына қарай жылжып, Нұрқазған кенішіне бұрылатын тұста 34 жастағы жүргізуші басқарып отырған НОWO автокөлігімен соқтығысқан. 

«Ол шахтаға қарай солға бұрылу маневрін жасады. Соққыдан Lada Granta автокөлігі жол шетіне ұшып кеткен. Жол апаты салдарынан Lada Granta автокөлігінің 36 жастағы және 10 жасар жолаушылары оқиға орнында көз жұмды»,-деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Lada Granta жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді.

«Науқас полижарақат бөліміне мынадай диагноздармен жатқызылды: оң жақтағы жамбас сүйектің оң қанатының жабық сынығы, асықты жіліктің айдаршық буынының және оң жақ жіліншіктің асық жілік шыбығының проксималды бөлігінің жабық сынығы, оң жақ тізе буынының гемартрозы, оң кеуде, оң иық, білек, қол, оң жамбас, оң жіліншік, сол жақ тізе жарақаты. Қазіргі уақытта жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Нашарлап жатқан жоқ. Барлық қажетті емді толық көлемде алып жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.