Әлеуметтік желілерде автобуста болған жанжалдың видеосы тарады. Оқиға Теміртау шаһарында орын алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Кадрдан бірнеше ер адамның әйелді автобустан күштеп шығарғаны байқалады. Содан кейін белгісіз біреу әйелді аяусыз соққыға жыққан.
Қарағанды облысының полиция департаменті бұл видеоға қатысты түсініктеме берді.
Шынында да, зардап шеккен әйел Қарағанды-Теміртау қалааралық автобусының жолаушысы болған. Ол Қарағандыдағы "Кеншілер мәдениет сарайы" аялдамасында автобусқа отырған.
"Бұл оқиға 28 қыркүйекте Теміртаудағы "Кооператор" аялдамасында болды. Автобус жүргізушісі мен кондукторы анықталды. Кондуктордың айтуынша, әйел сағат 16.30 шамасында "Кеншілер мәдениет сарайы" аялдамасында автобусқа мас күйде отырған. Ол өзін әдепсіз ұстап, ұятсыз сөздер айтып, жолақысын төлеуден бас тартты. Теміртауға жеткесін, "Кооператор" аялдамасында кондуктор мен жолаушылар әйелді көліктен түсірді. Содан кейін белгісіз біреу дене жарақатын салған", - деп мәлімдеді баспасөз қызметінде.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықталып, жәбірленуші мен қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр.
Ескерту: видеода бейәдеп сөздер бар