Израильдіктер Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен осылайша ерекше құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Акция 17 желтоқсанға қараған түні Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшілігінің бастамасымен өтті. Тель-Авив қалалық мэриясының қасбеті екі мемлекет арасындағы сыйластық пен достықтың белгісі ретінде қазақ туы түстерімен боялды.
«Құрметті достар, Израиль Мемлекетінің Елшілігі Қазақстан Республикасының барлық тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтайды! Сіздерге осынау қонақжай елге ашық аспан астында бейбіт өмір тілейміз, гүлденіп, өркендей берсін!», - делінген елшіліктің Twitter-дегі парақшасында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Израильдегі Елшілігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай салтанатты шара ұйымдастырған болатын. Қабылдауға Израильдің экология министрі және Иерусалим істері мен мұра министрі Зеев Элкин, Иерусалим Патриархы III Теофил, Израильдің экс-премьер-министрі Эхуд Олмерт, Кнессет депутаттары, Бас Сефардиялық раввиндердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Израильде тіркелген шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары, жергілікті бизнес, ғылым, мәдениет және БАҚ өкілдері, Қазақстаннан көшіп келгендер мен отандастар қатысты.