19 ақп, 2024 сағат 14:39

Тегіңе үңілу кімдерге және не үшін қажет — тектанушы маманмен сұхбат


Ғылым-білім дамыған қазіргі кезде де адамның шыққан тегі оның болмысынан хабар береді, өміріне әсер етеді деген тұжырымға келген мамандар бар. Ол мамандарды – родологтар, яғни тектанушылар дейді. 

Өз заманында Бұқар жырау «Жақсыдан – жаман туса да, жаманнан – жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деген екен.  Әлі күнге дейін тұрмыстық таным-түсінікте текті жермен құдаласу, шыққан жеріне қарай сыйласу және тегіне қарап кісі тану ерекше маңызға ие.

Ата-бабаңның қандай болғаны сенің өміріңе, болмысыңа қалай әсер етеді? Қазақтардың шежіресін білуге құмар болуының да бір мәні бар шығар деп, тектанушы маман Виктория Шегірбаевамен осы тақырыпты кеңірек қаузауға тырыстық.

- Виктория, жалпы, тектану деген ғылыми негізі бар, жанжақты зерттелген сала ма? 

- Иә. Тектану (родология) ғылымының негізін өткен ғасырдың 90-жылдарында В.В. Докучаев пен Л.Н. Докучаева деген ғалымдар қалаған. Бұл ғылым психология мен психогенетика, антропология және физика, математика, генетика, философия, әлеуметтану мен этнография, мәдениеттану, генеалогия сияқты әр түрлі ғылымдардың жетістіктерін біріктіретін салааралық ғылым болып есептеледі. Тектанудың теориялық негіздемесі және практикалық қолданылуы аталған авторлардың «Тектану негіздері» атты кітабында берілген. Тектану ғылымының негізінде Докучаевтар родология-тектанудан кеңес беру әдісін жасап шығарды. Осы әдіс тектанушылардың, яғни менің де, негізгі жұмыс істеу әдісім. Бұл әдіс «Жалпыресейлік кәсіби психотерапия лигасының» (ОППЛ) психотерапия және кеңес беру әдістерінде ресми мойындалып, тізіміне енгілген және ресми сайтында бұл тізім бар. 

Бұл ғылым Қазақстанға келгенде «тектану» деген термин қолданыста болмаған еді. «Родология» терминін қазақшаға «тектану» деп аударған Әлия Нұрпақызы Сағымбаева. Сонымен қатар, бұл бағыт Қазақстанда дами бастағалы, жергілікті халықтың менталитетін, мәдениетін, салт-дәстүрін міндетті түрде ескеру қажет деген тұжырым жасалды. Әлия Нұрпақызы бастаған тектанушылардың тәжірибесін ескере отырып, тектану ғылымы жергілікті, түркі этносының менталитетіне бейімделді. Қазір тектану Қазақстан мен Қырғызстанда қатар дамуда. 

- Тектанудың психологиямен байланысы бар ма? Түсінгенім бойынша, екеуі де бейсанадағы ақпараттармен жұмыс істейтін сияқты.

- Жаңа ғана айтқанымдай, байланысы бар. Өзге де салалармен қатынасы бар. Сондықтан, классикалық түсініктегі психологиялық терапия деп айта алмаймын. 

- Сенің атың ерекше. Жалпы Виктория деген еуропатектес ұлттардың көбінде кездеседі. Бірақ біз бұл есімді көбінесе орыс ұлтымен байланыстырамыз. Менің білеуімше сен орыс тілінде де ана тіліңде сөйлегендей сауатты, еркін сөйлейсің, ағылшын тілін де жақсы меңгергенсің. Бойың ұзын, аққұба келетін кескін-келбетің де еуропалықтарға ұқсайды. Сенің бірнеше тіл білуіңнің ата-тегіңе қатысы бар ма?

- Бар деп ойлаймын. Менің әжем Жәми бес жасында (1929 жылы) ата-анасымен, туыстарымен конфискациядан қашып, Ресейге қоныс аударған. Сол жақта бой жетіп, Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде елге қайтып оралған. Тектану теориясымен түсіндірсек, менің әжем жастайынан өзге ұлттың ортасында, өзге тілді жетік меңгеріп өсті. Әжемнің естеліктерінде орыс халқы оларды жақсы қабылдағанын айтқан. Яғни, әжемнің бейсанасында «өзге ұлтпен араласу, өзге тілді жақсы білу» машығы қалыптасты да, маған ген арқылы берілді. Әжем үшін орыс тілін үйрену қазір біз үшін ағылшын тілін үйренудей болғаны түсінікті деп ойлаймын. Оған қоса, атам Нұрсұлтан арабша білім алған, өз бетінше Құранды аударумен айналысқан. Осылайша, менде тіл үйренуге генетикалық машық, дағды бар. Бұл да шет тілін оңай үйренуіме септігін тигізді. 

Мен туып өскен аумақта, сол жылдары ерекше ат қою қалыпты жағдай болды. Отбасымызда да орысша есім беруге қалыпты қарайтын. Себебі, атам мен әжемнің тұңғыш балалары шетінеп кеткесін, өзге ұлттың есімін қойса, бала тұрақтайды деген қазақтың ырымы бойынша олардан кейін көрінген баласына, яғни апама Клара деп орысша ат қойған. Кейінгі туған қыздарының да кейбіреуінің есімі орысша.

- Ана тілінде еркін сөйлей алмайтын, бірақ үйреніп, талпынып жүрген бір танысым «қазақ тілін меңгеру мен үшін өзімді тану процесінің бір бөлігі» деген еді. Сенің пікіріңше тектануда ана тілін білудің маңыздылығы қанша?

- Тектану оқығанда бөлек бір модульде сөздің маңыздылығы талқыланады. Себебі, ақпарат сөз арқылы беріледі, гендік жадында сөз арқылы сақталады. Сондықтан, кейде тіпті қазақша білмейтін клиенттердің өздері қазақ тілінде жұмыс істеуді сұрап жатады. Себебі олардың ата-тегі көбіне қазақша сөйлеген. Бірақ тектану бойынша жұмыс істеу үшін ана тілін білу міндетті емес. Тағы бір маңызды нәрсе, егер біреудің тегінің тарихында ана тілін жетік үйренуге кедергілер болса, онда тектану арқылы тіл үйрену процесін жеңілдетуге болады. Көптеген орыстілді қандастарымыз тектану кеңестері, семинарларынан кейін ана тілін үйренуді қолға алып жатады, себебі олар тектану арқылы өз түп-тамырларына бет бұрып, ұлттық ерекшеліктерін бағалай бастайды. Тектанушы ретінде біздің мақсаттарымыздың бірі осы.

- Кей бір сарапшылар бізде русофобия мен синофобия бар екенін айтып жатады. Осы мәселеге байланысты пікірің қандай?

- Тектану тұрғысынан айтсақ, бұған адамның тегімен байланысты бір себеп болуы мүмкін. Тәжірибеге сүйенсек, русофобия немесе синофобиясы бар адамның тегін зерттеп келгенде, тек тарихында сол ұлт өкілдерімен байланысты бір жағымсыз оқиға болуы мүмкін. Түйіні шешілмеген (психологиялық түрде қорытылмаған) мәселе келесі ұрпаққа бейсана арқылы беріліп, оларда айқынырақ көрініс тауып жатады. Яғни, ұрпақтың өз өмірінде ондай жағымсыз тәжірибе болмаса да, «себепсіз» русофобия не синофобия пайда болуы мүмкін.

- Бізде «Шешесін көріп – қызын ал» дегенді ұстанатындар да кездеседі. Жалпы екі жас бірін бірі ұнатып тұрса, олардың ата-анасының тұрмыс жағдайы, қызметі мен жеткен жетістігі, шыққан тегі қаншалықты маңызды?

- Оны әр адам өзі шешуі керек. Мен үшін жар таңдаудың ең дұрыс жолы – елу пайыз ұнату, елу пайыз ақылмен шешу. Сонда бақытты жанұя құру жеңілірек болады. Шыққан тегін білу ақылмен шешудің көп факторларының бірі. Оны есепке алмаған күннің өзінде де бақытты жанұя құру – қолдан келетін нәрсе. Адам тектанушының көмегі арқылы өзімен жұмыс істеп, тегіндегі тиімсіз программалардан арыла алады. 

- Сосын, бала асырап алу мәселесінде де көп адамға «шыққан тегі белгісіз» деген қорқыныш кедергі келтіреді. Бірақ «бала тапқандікі емес, баққандікі» деп, баланың мінезі тәрбиеге байланысты деген ұстанымдағы адамдар да аз емес. Осы туралы пікірің қандай?

- Адамның шыққан тегі, сөзсіз өмірге әсер етеді. Асырап алған бала да өз тегінің мүшесі болғасын, ген оған ағза арқылы беріледі. Адамның тұлға болып қалыптасуына генмен қатар, өсіп өнген ортасының да ықпалы бар. 

Бұл жерде мен ең бірінші мынадай сұрақ қояр едім: бала асырап алудағы мақсатыңыз не? Қартайғанда бағып-қағу үшін бе? Қоғамның құптағанын қалайсыз ба? Өзіңді толыққанды сезіну үшін бе? Әлде ішіңізге сыймай тасып жатқан махаббат пен мейірімді өзге адамға риясыз беру ме? Мен үшін бала асырап алудағы ең дұрыс мақсат – соңғысы. 

- Біздің дәстүрімізде «бата», «теріс бата», «алғыс» пен «қарғыс» сияқты түсініктер бар. Кей адамдардың жолы болмай жүргенін «пәленшенің теріс батасын алып еді» немесе «назасына қалған болатын» деп айтып жатады. Керісінше, жолының болғыштығын үлкендердің ақ батасын алғанымен байланыстырып жататындар да бар. Тектану саласында біздің осындай салт-санамыз қандай да бір рөл ойнай ма? 

- Теріс бата, қарғыс, көз тию сияқты нәрселер біреуге әсер етсе, біреуге әсер етпейді, оны өзің де байқаған боларсың. Өйткені олардың әсер ету механизмі адамның қабылдауына байланысты. Орындалады деп қабылдаған адам өзін-өзі сәйкесінше программалайды және ол программа іске асады. Тіпті келесі ұрпақтарға да бейсаналы түрде берілуі мүмкін. Тектанушылардың тәжірибесінде тектегі қарғыспен жұмыс істеп, оның күшін қайтарған кейстер бар. Бұл жерде сиқырдың қатысы жоқ, адамның бейсанасына сөздің күшімен әсер ету арқылы ғылыми негізделген әдісті қолданамыз. Ал ақ бата мен алғысты айтатын болсақ, олардың әсері де жаңа айтып өткен әдістерге ұқсас жұмыс істейді.

- Виктория, осы бізде батыр аталарын айтып мақтанатындар неге көп? Атаңның батыр болуы соншалықты маңызды ма? 

- Ата-тегінде «ресурсты» адамдардың болғаны адам үшін жақсы. Ол содан күш алады, жақсы жақтарын өзіне меншіктейді. Тегіңді білу, ата-бабаларды еске алып, құрметтеу маңызды. Ал тегіңді айтып мақтану, басқаша кез келген мақтану сияқты, субъективті ұғым. Біреу үшін мақтану болып көрінген нәрсе басқа адам үшін жай факттың констатациясы болуы мүмкін. Факт емес, ойдан қосып айтып жатса, ол енді бөлек нәрсе...

- Ресурс деген не?

- Ресурс деген - күш, жақсы қасиеттер. Ресурсты адам - мысалы, ұзақ өмір сүрген, жетістіктерге жеткен, дін жолын ұстанған, ұстаз болып немесе батыр болған және тағы басқалай елге пайдасы тиіп, сыйлы болған адамдар. Тегіңізде сондай жақсы қасиетті адамдар болса, ол адамға ген арқылы беріледі. Бірақ ген активті немесе ұйқыда болады. Активті ген адам бойынан ашық көрініп тұрады.  Ал ұйқыдағы генді тектану арқылы оятуға болады және ол жақсы  қасиетті адам өз бойында жаңғырта алады.

- Есіңде болса күзде еліміздің бірқатар қалаларында Тәжікстанның көрме жәрмеңкесі өтіп, көрмеге қойылған жеміс-жидектерді ел таласып, алып кеткені БАҚ пен әлеуметтік желілерде шу болған. Әсіресе Астана тұрғындары жаға жыртысып, жеміс-жидекке таласқаны айтылды. Бұған дейін де тегін тамаққа таласу оқиғалары көп болды. Ашкөздік, көрсеқызарлықты тойларда да көріп жатамыз. Мұндай менталитет бізге қайдан келген?

- Бұған себеп көп болуы мүмкін. Тектану тұрғысынан айтсақ, халқымыз жиырмасыншы ғасырда әлеуметтік катаклизмдерді бастан кешірді. Нәтижесінде коллективті бейсанада «жетімдік синдромы» қалыптасты. Жетімдік синдромының негізгі программаларының бірі – «маған жеткіліксіз», «маған жетпей қалады». Сен айтқан жаға жыртыс, таласулардың себебі осы жетімдік синдромында жатуы мүмкін. Осылайша, қысқаша айтқанда, бұндай менталитет – тарихи жағдайлардың нәтижесі. Ол өзгеруі мүмкін бе? Иә. Егер де әлеуметтік катаклизмсіз бейбіт өмір болса, табиғи түрде, өзінен өзі өзгереді, бірақ оған көбірек уақыт қажет. Неғұрлым көбірек адам өзін өзі дамыту құралдары арқылы (психология, тектану, т.б.) өзімен жұмыс істесе, қоғамда өзгеріс тезірек пайда болады.

- Ата-анаға немесе ата-бабаға реніштің адам өміріне қандай әсері болуы мүмкін? Тектану арқылы осындай реніштерден құтылуға көмектесе ала ма?

- Кез келген жүйенің заңдылығында иерархия деген ұғым бар. Жүйеге неғұрлым бұрынырақ келген элементтің иерархиясы басқа элементтерге қарағанда жоғары болады. Тектану текті жүйе ретінде қарастырады, ал адамдар сол жүйені құраушы элементтер, сонымен қатар өз алдына жүйе. Тегімізде бізден бұрын келген элементтер бізден жоғары иерархияға ие. 

Жүйе заңдылықтарының бірі – төменгі иерархия жоғары иерархияны құрметтеуі тиіс. Құрметтеу дегеніміз – бүкіл билікті беріп қою емес, өзгеге тиесілі орнын беру, тану. 

Реніш дегеніміз – адам өзгеден күткен іс-әрекетті өзге адам жасамаған жағдайда, ол адамға ыза сезініп, өзін аяп, есіркеуден құралатын реакция беру әдісі. Реніш болған жерде құрметтеу болмайды. Сәйкесінше, ата-ана мен ата-бабаға реніш сезінуші адам жүйе заңдылығына қайшы әрекет жасайды. Нәтижесінде реніш сезімі ата-ана мен ата-баба арқылы келетін ресурстарға қол жеткізе алмайды. Осылайша, тектегі реніш сезімі ресурстарды блоктайды.

Тектану әдісінде адамның өз бойындағы ғана емес, адам тегінің өзге де мүшелерінің арасында ренішті тарқату техникасы бар. Жаңа ғана айтқанымдай, бұл сиқыр емес, адамның қабылдауы, психикасы арқылы жасалатын жұмыс.

- Тектанушыға барғаннан кейін өмірде қандай өзгерістер болады? Тектанушыға барудың маңыздылығын түсіндіріп берсең?

- Тектанушы кеңесі өмірдегі бүкіл проблемаларды бір кездесуде шешіп беретін универсал емес. Тектанушыға адам белгілі бір сұраныспен келеді. Ол сұраныс дәл қазір адамды ең қатты толғандыратын жеке мәселе болуы тиіс: аурудан айығу, ақша табу, жұмысқа орналасу, жанұя құру, перзентті болу, сайыста орын алу, т.б. 
Тектанушымен жұмыстың нәтижесін екіге бөліп айтар едім:
1) Барлығына ортақ нәтиже: ата тегін сипаттайтын генограмманы құру нәтижесінде өз тегінің мүшелеріне саналы түрде орын беріп, оларды ескеріп, еске алу арқылы жоғарыдағы иерархия заңдылығын сақтайды. Нәтижесінде тегімен байланыс күшейіп, тек ресурстарына жеңіл қол жеткізеді;
2) Нақты сұранысқа қатысты жұмыс істеу арқылы сол сұраныстың орындалуы. Орындалу мерзімі адамның психикасының дайындық деңгейіне, сұраныстың қиындығына, т.б. факторларға тәуелді. Тектанушы мақсатқа жетудің ішкі себептерімен жұмыс істейді. Сонымен қатар адам мақсатына жету үшін өмірде де нақты іс-әрекеттер жасауы тиіс.

Тағы бір ескеретін нәрсе, тектанушымен жұмыс істеу үшін ана мен әке жағынан ата, әжелер, арғы ата, арғы әжелер туралы ақпаратпен (өмір сүрген жылдары, есімдері, өмірінің маңызды оқиғалары, т.б.) келу керек. Неғұрлым көбірек ақпарат болса, соғұрлым жұмыс толық болады.

Тектанушыға бару немесе бармауды әр адам өз ішкі түйсігін тыңдап шешкені дұрыс. Адам психологиялық түрде жұмысқа дайын болмаса, ол да жұмыстың нәтижесіне әсер етеді. 

Әр адамға өз тегін білу, тектегі қарым-қатынас шиеленіскен тұстар болса, оларды шешу ұрпағының өмірі берекелі болуы үшін өте маңызды; В.В. Докучаев айтқандай, «Біз болашақ үшін өткенді саралаймыз».

Сұхбаттасқан: Балжан Жеңісқызы