Алматы облысының Текелі қаласында 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің бірінде өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өрт туралы хабарлама Алматы облысының ТЖД-сына сағат 16.10-да келіп түскен.
«Жоғары дәрежелі шақырту бойынша Текелі, Талдықорған қалаларының және Қарабұлақ ауылының өрт сөндіру бөлімшелерінің жасақтары дереу жіберілді. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері шақырту орнына белгіленген нормативтік уақытта келді. Пәтердің терезесінен жалын байқалды, сондай-ақ барлау барысында тұрғындарды эвакуациялау жолдары қою түтін және ыстық болғаны анықталды. Өрт көрші пәтерлер мен ғимараттарға қауіп төндірді», делінген хабарламада.
ТЖД қызметкерлері бір мезгілде өртті сөндіре отырып, азаматтарды құтқару және эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды.
«6 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала, сондай-ақ 11 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланды. Өрт ғимараттың шатырына және көрші пәтерлерге таралуына жол берілмеді. Сағат 16.48-де, 16 шаршы метрді шарпыған һрт сөндірілген (3-қабатта, екі бөлмелі пәтер ішінде жиһаз бен зат жанған). Оқыс оқиғадан ешкім зардап шекпеген», делінген хабарламада.
Қазір өрт қалай шыққаны анықталып жатыр. Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД Өрт сынақ зертханасы жіберілді.
Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД-ның 11 қызметкері мен 4 техникасы, «Өрт сөндіруші» ЖШС-ның 3 қызметкері мен 1 техникасы, Қалалық полиция бөлімінің 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.