23 қар, 2016 сағат 13:16

Текебаев президент Атамбаевқа импичмент жариялауды ұсынды

Қырғызстан парламентінің депутаты, оппозициялық "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаев президент Алмазбек Атамбаевқа импичмент жариялау процесін бастауды ұсынды.

Текебаев "Атамбаев пен оның маңайындағылар билікті заңсыз басып алып, оппозициялық партиялардың құқығын шектеп жатыр. Ал Атамбаевтың өзі президент қызметін асыра пайдаланып отыр" деді.

22 қарашада Текебаев ресми түрде "Ата Мекен" фракциясы президентке импичмент жариялауға құжаттар жинауды бастағанын айтты. Ал Қырғызстан президентінің аппараты Атамбаевқа импичмент жариялау бастамасын "шоу" деп атады.

Президент әкімшілігінің ақпарат бөлімінің жетекшісі Алмаз Үсенов Азаттықтың Қырғыз қызметіне "Қырғызстан - "саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері өз ойын ашық жеткізетін демократиялық ел" деді.

Қырғызстан конституциясында президентке импичмент жариялау үшін депутаттардың кем дегенде үштен бірі қолдау керек. Бұған қоса конституцияға сай президентке тағылған айып үш айда дәлелденбесе, негізсіз деп танылады.