05 қаз, 2016 сағат 22:59

Тәжікстанның шекара әскері ұрысқа дайын тұр

"Тәжік билігінің мәлімдеуінше, Ауғанстанның Құндыз провинциясындағы тұрақсыз жағдайға байланысты, Тәжікстанның шекаралас әскері аса жоғары дайындық жүйесіне көшті", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" centralasian.org агенттігіне сілтеме жасап.

Мекеменің баспасөз хатшысы Мұхаммад Улугходжаевтың хабарлауынша, тәжік билігі Ауғанстан үкімет күштері мен Талибан қозғалысы арасындағы кескілескен айқастардан хабардар болды.

Әзірге Тәжікстан шекарасына қауіп төнді деуге ерте, дейді ол. Дегенмен, қорғаныстың алғашқы желісіне - шекарашылар, ал екіншісіне - Тәжікстан қорғаныс министрлігінің әскері орналастырылды. Қажет болған жағдайда, олар шекарашыларға көмекке келеді.

3 қазанда түнде Талибан күштері Құндыз қаласына үлкен күшпен шабуылдай бастады. Бұл - Ауғанстандағы Құндыз провинциясының орталығы. Құндыз провинциясы Тәжікстанның оңтүстігімен шекаралас жатыр.

Соғыс кезінде үкімет күштері үлкен шығынға ұшырады. Осыдан тура бір жыл бұрын Талибан әскері дәл осы Құндыз қаласына шабуыл жасаған болатын. Сол кезде содырларлардың қаладағы билігі үш күнге созылған еді.