10 мау, 2024 сағат 16:39

«Таза Қазақстан»: Жамбыл облысында экологиялық науқан жалғасып, байқаулар ұйымдастырылады


Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, жалғасуда. Экологиялық науқанды жамбылдықтар жылы қабылдап, белсенді атсалысып келеді.

Бүгінде дарынды мектеп оқушылары да «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосуда. Бұл күні Тараз қаласы білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығының 600-ден астам тәрбиеленушісі қоқыс қалдықтарынан жасаған қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынады.

Мәселен, орталық шәкірттері ұстаздарымен бірге жиналған қоқыс қалдықтарынан 200-ден аса түрлі картина, қуыршақтар мен ыдыстар әзірлеген. Оқушылар мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарының жас ғалымдары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған жобалар әзірлеген. Атап айтқанда, Тараз қаласы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенконың «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісханның «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасынның «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебектің «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыт жобалары «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі «Көрме» залында таныстырылады.

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылады. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысады. Конкурстың мақсаты – тазалықты сақтау, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, халықтың бірлігін, татулығын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыру.

Арнайы құрылған комиссия конкурсқа қатысушылардың жұмыстарына баға беріп, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттайды.

Сондай-ақ облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурстары өткізіледі. Атап айтқанда, Байзақта «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай ауданында «Ең үздік аула», Т.Рысқұловта «Ең белсенді тұрғын», Таласта «Ең үздік көше», Шуда «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсы ұйымдастырылады.

Сонымен қатар волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізіледі. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден астам қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары, Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамаларды бояу, жуу жұмыстары, «Ұлы дала» шағын ауданында «Біздің аула» атты тазалық жұмысы, «Қарасу» шағын ауданындағы «Әулие бұлақ» каналын тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Осындай акциялар барлық ауданда ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында өтеді.

2024 жылы өңірдегі жөл жөндеу жұмыстарына 23,1 млрд теңге бөлінді. 469,6 шақырым жол жөндеу жұмыстары атқарылады. Оның ішінде, 155,3 шақырым жергілікті маңызы бар автожол, 286,2 шақырым елді мекен көшелері мен 28,1 шақырым жаяу жүргіншілер жолы. Тараз қаласында 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 67,8 шақырымды құрайтын 117 көше, 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы, 73,8 шақырым болатын шағал жолды жөндеу жоспарланған.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты.

Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.

2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 млрд теңге қарастырылған.

Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.