18 қар, 2016 сағат 14:45

Тәуелсіздікке толымды тарту

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейнесі бедерленген 10 мың теңгелік банкноттың әзірленуі көпшіліктің ықыласын тудырды. Көптеген азаматтар өздерінің қолдауларын білдіріп, жылы қабылдап жатқандықтарымен бөлісуде. Солардың қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Ольга ШИШИГИНА да бар.

– Ольга Васильевна, 1 желтоқсан күні қолданысқа енгізілгелі жатқан жаңа банкнотты сіз қалай қабылдадыңыз?

– Жалпы әлемде ақшаларында мемлекет басшылары бейнеленген елдер баршылық. Солардың қатарына Қазақстанның қосылуын қуанышты жағдай деп білемін. Өйткені, тәуелсіздігімізді алған қысқа ғана уақыт ішінде Елбасының бастауымен көптеген жетістікке қол жеткіздік. Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларының қолдау тауып жатуы Н.Ә.Назарбаевпен тікелей байланысты десем, қателеспеймін. Әсіресе, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауға қатысты көптеген ұтымды шешім БҰҰ деңгейінде қабылданып жатуы соның жарқын дәлелі болса керек. Әлемдік және дәстүрлі діндер құрылтайын өткізу де – үлкен жетістік. Еліміздегі этносаралық татулықты сақтаудағы еңбегі бір төбе. Тізіп айта берсек, ұзаққа кететініміз анық…

 – Арамызда жүрген адамның бейнесін банкнотта бедерлеуге көзқарасыңызды білсек…

– Адамды тірісінде құрметтеп, ерен еңбегі үшін үлкен сый жасасақ, жарасады емес пе? Тұлға өзінің идеясы үшін күрескенін және соның жеміс бере бастағанын анық сезінуі керек. Кім-кімге де құрметті тірісінде көрсеткен абзал.

 – Қоғамның әр түрлі саласында жүрген азаматтарымыз өздерінің жеткен жетістіктерін Елбасының атымен байланыстырып жатады. Сіздіңше, мұнда нендей астар жатыр?

– Мен саясаткерлігімді былай қойып, спортшы ретінде не сезінгеніммен бөлісейін. Олимпия ойындарына қатысу алдында Елбасы қолымызға Қазақстанның Туын беріп тұрып, үлкен сенім артатынын білдірді. Сол сенім маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бойымда жеңіске деген құлшыныс оянды. Және де сол сенім мен құлшыныс мені алдамады. Өзгелер туралы да осыны айтуға болады. Егер Елбасының сенімін ақтау үшін барын салып үлкен жетістіктерге жеткен азаматтарымыз болса, онда ондай жеңісті барша қазақстандықтың жеңісі деп білемін.

– Қазақстан тәуелсіздігін нығайтудағы Елбасының рөлі туралы не айтасыз?

– Ел азаматтарының рухын көтеруде Елбасының ерекше қасиетін айтып кеткім келеді. Әсіресе, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын ұсынуы қоғам тарапынан ерекше ықыласпен қабылданды. Өйткені, онда халық көптен күткен ұтымды шешімдер бар. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін нақты қадамдар атап көрсетілген. Мен бұл ретте мемлекет-жеке меншік әріптестігін жолға қою мәселесінің қолға алынуы өте орынды екендігін айта кеткім келеді. Себебі, қазір көптеген қалталы азамат өз ісін бастауына қаржылары жетпегендіктен, мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Міне, сондай кезде әріптестік небір жобаларды іс жүзіне асыруға өзіндік оң ықпалын тигізер еді.

Оның үстіне, қазір Қазақстан әлемге айтарлықтай танылып қалды. Әлем елдерінің достық қолын созып жатуы осының нақты дәлелі болса керек. Тәуелсіздік алғалы бері елімізге құйылған қомақты инвестициялардың келуіне де Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мұрындық болғандығын білеміз.

– Енді ұлттық валюта мәселесіне қайта оралсақ. Сіз үшін теңге нені білдіреді?

– Теңге біздің төлем құралымыз ғана емес, құндылығымыз да. Оның бетінде бедерленген көріністерден елдің дамуы мен өркендеуін, жалпы ел туралы мол мағлұмат алуға болады. Реті келгенде, әлемдегі елдердің көпшілігі өз валюталарына өте ұқыпты әрі құрметпен қарайтынын айта кеткен ләзім. Қазақстандық отбасылар да ұлттық валютамызды сақтау, жинақтау және тиімді құралдарға салу сияқты нарықтың көптеген сабақтарын меңгеріп те алды. Сондықтан әрі орынсыз шығындарға жол бермей, тек қажет­тісін ғана сатып алып жатыр. Артылғанын қайырымдылыққа бағыттайтын жомарт жандар да жоқ емес. Қысқасы, қазақстандықтар ақшаға мұқияттылық танытып, оны жаратуда ұқыптылықтың үлгісін көрсетіп келеді.

– Қысқа да тұщымды әңгімеңіз үшін рахмет.

Әңгімелескен  Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Қуана қабылдадық

Атақты Вольтердің «Бір мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам жеткілікті» деген қанатты сөзі бар. Қазақстан үшін дәл сондай адам оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екені рас. Ол – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған, мемлекет қалыптастырушы тұлға, Тұңғыш Президент. Ұлттық валютамызды айналымға енгізіп, оған тарихи атау берген де – Нұрсұлтан Назарбаев.

Иә, теңгені жасау, айналымға енгізу оңай болмағанын біз жақсы білеміз. Ол күндері елде тәжірибелі мамандар жоқтың қасы, ал қажетті материалдар жеткіліксіз еді. Бірақ елжанды, еңбекқор жігіттердің жетекшілігімен, Елбасының тікелей тапсырмасымен бұл күрмеуі қиын, күрделі жұмыстардың да түйіні тарқады. 1993 жылдың қараша айында төл теңгеміз айналымға енді. Әрине, «теңге жасалды, енді болды» деген жағдай жоқ. Алдымызда оны айналымға енгізіп, елдің қаржы саласын нығайту жұмыстары тұрды. Дегенмен, қажырлы еңбектің арқасында бәрі өз қалпымен, жайлап жүзеге аса берді. Экономикалық өсіммен бірге теңге де нығая түсті. Осы жұмыстардың барлығын еліміздің Тұңғыш Президенті өзі қадағалап, жетекшілік етті. Барлық салалық жұмыстарға тікелей атсалысты. Ал енді ел үшін ерен еңбек атқарған Елбасына биылғы бедерлі 25 жылдық мерейтой қарсаңында елдің елдік тұрғыда құрмет көрсетуі өте орынды. Мемлекет басшысы бейнесінің мерейтойлық банкнотта бейнеленуін мен, міне, осындай орасан зор еңбектің мойындалуы деп бағалаймын. Ұлттық банк таныстырған Мемлекет басшысының бейнесі бедерленген жаңа банкнот – елдің 25 жылдағы жарқын жетістіктерінің жемісі. Ұлттық банк ел үшін мемлекетіміздің дамуы үшін еңбек сіңірген адамға ел халқының атынан лайықты сый жасады. Бұл – Елбасының егемен республикамыздың дамуына қосқан орасан зор үлесінің символдық көрінісі.

Елдің төл валютасы экономикалық саясаттың тәуелсіздігін, тұрақтылығын және бүкіл банк жүйесінің беріктігін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары әлемдік экономикадағы тұрақсыздық бүкіл жаһан жұртын әбігерге салғаны белгілі. Бұл біздің ұлттық валютаға да өзіндік салқынын тигізді. Нарықтың ырқына жіберген теңгеміздің де біраз тербелгенін бәріміз білеміз. Әрине, мұның бәрі уақытша қиындықтар деп сенеміз.

Шүкір, қазір теңге еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символына айналды. Төл валютамыз дамудың жаңа деңгейіне жол ашып, жаңа нарықтық экономиканың құры­лымдарын қалыптастыруды қамта­масыз ете алды. Төл валютамыз ғана тәуелсіз экономикалық және қаржы-несиелік саясат­ты жүзеге асыруымызға, нақты экономи­калық егемендікке қол жеткізуімізге мүмкін­дік туғызды. Ұлттық валютамыз  ел үшін мемлекеттіліктің өте маңызды элементі болды. Елдің экономикалық тәуелсіздігін айғақтайтын басты белгілердің бірі де осы төл валютамыз болып табылады.

Сайлау БАЙЗАҚОВ, экономика ғылымдарының докторы

Бұл – Ер қызметінің еленуі

Жасым 80-нен асты, елдің ақсақалы атандық. Алайда, ел өміріндегі соны жаңалықтарды баспасөз беттерінен қалт жібермей қадағалап, үнемі оқып танысып отырамын. Еліміздің тәуелсіздігін алу кезеңінде өмір сүру ғана емес, сол тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына куә болу бақыты бұйырғанына тәубе етемін.

25 жыл ішінде еліміздің, мемлекетіміздің буыны бекіді, бұғанасы қатайды. Аяғын апыл-тапыл басқан сәби шақтан өтіп, ат жалын тартып мінген атпал азамат жасқа жетті. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан жеткен жетістік аз емес.

Сыртқы саясатта бірнеше елдермен дипломатиялық қарым-қатынасқа түсіп, бірнеше елдерде өз елшіліктерін ашты, сауда-экономикалық, мәдени-әлеуметтік тығыз байланыс орнатты. Ішкі саясатта ауызбіршілік идеясын ту етіп, сан ұлттың өкілдерін бір шаңырақ астына тату-тәтті тоғыстыра алғанының өзі бүгінде әлем елдерінің қызығушылығын тудыруда. Түрлі конфессиялар мен түрлі ұлттар өз мойнының озыңқырап тұрғанын қалап, кең жер бетіне сыя алмай алашапқын болып жатқанда, қазақ даласын мекен еткен жүзден астам ұлт ұрпақтары «ортақ Отанымыз, біздің еліміз» деп Қазақстанды көркейтуге үлес қосуда. Бұл – мақтаныш!

Қазақ жерінің кең даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи көрікті жерлерді өзгелерге таныту үшін туризм саласын дамыту жолға қойылса, жер астындағы мол байлықты игілікке жарату үшін шетелдік инвесторлар көптеп тартылуда. Индустрияны өркендету арқылы елдің әлеуетін көтеру жолында жасалып жатқан шаруалар, жоспарланған жобалар аз емес. Жастарды қамқорлыққа алу, оларды шетелдердің іргелі оқу орындарында дайындау, тілдерді меңгеру, ауыл, қалаларды абаттандыру, жолдар салу, мектеп, ауруханаларды жаңғырту, спорт кешендерін тұрғызу арқылы жастарды спорт түрлеріне баулу – мұның бәрі біздің елімізде аз ғана жылдар ішінде түбегейлі жаңара, жаңғыра алды және өз нәтижелерін бере бастады. Мұның бәрі өз-өзінен және оңайлықпен жүзеге аса салмағаны белгілі. Яғни, бұл істердің бастамасында – біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы тұр, Елбасының көрегендікпен жасаған түрлі мемлекеттік бағдарламалары мен тапсырмалары тұр.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысының бейнесі бедерленген банкноттың өмірге келуін қуана құптаймыз. Бұл – тек Қазақстанда ғана жасалған дүние емес, әлем елдерінде бар үрдіс, бұл – жоқтан бар жасау, жалған мақтан, даңғаза тірлік емес, әлем елдері таныған Тұңғыш Президентімізге үлкен құрмет, ерен еңбегіне берілген баға. Ерді бағалау, ерді қолдау – елдің елдігіне сын және міндет. Тәуелсіздіктің ұлы мерекесіне орай жарыққа шығарылған жаңа банкнотта Елбасы бейнесінің орналасуы ынтымаққа ұйып, ерін ардақтай алған елдігіміздің дәлелі деп білемін.

Дүйсембі ӘРІПОВ, Маңғыстау облысы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері

 

Өнердің үздік туындысындай

SONY DSCӘлемнің ұлттық валюталарының безендірілу үрдісінде танымал тұлғалардың суреттерін беру салты бұрыннан бар. Алысқа бармай-ақ теңгенің енгізілу тарихына көз салсақ, жеткілікті. Төл ақша белгілеріміз теңге мен тиынның үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер жасағаны, 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк сол нобайларды бекіткені көпшілікке мәлім.

1992 жылдың жазында біздің валютамызды ағылшынның пошта маркілері мен банкнот жасауды кәсіп еткен «Харрисон және оның ұлдары» компаниясы құпия жолмен шығарғанын, 1, 3, 5, 10, 20, 50, 100 номиналдағы банкноттарда Абайдың, Кенесарының, Шоқан мен Сүйінбайдың портреттері берілгенін білеміз.

Сондықтан да 10 000 теңгелік банкнотта заманымыздың көрнекті тұлғаларының бейнелері көрініс тауып жатса, ол әдептен озғандық емес. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды. Бүгінгі теңгеміз Қазақстан аумағында көне ғасырларда-ақ қолданыста болған. Сырдарияда, Отырар мен Исфиджабта, басқа да өркениет орталықтарында алтын, күміс ақша шығаратын сарайлар жұмыс істеген. Қазақтар базарларда Әмір Темір монеталарымен сауда жасаған. Ол – бүгінде тарих еншісінде. Сондықтан да ақша белгілеріне тек төлем құралы ретінде ғана емес, өнер туындысы, нумизматикалық бұйым ретінде де қараған дұрыс.

Жасұлан ШАЙМАРДАНОВ, Өскемен

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры

 

Еліміз үшін Елбасының орны қашан да ерек

2671_oko-1-5Киіз туырлықты қазақты бастап шыққан Керей мен Жәнібек хандардан бері арман болған азаттықты алғанымызға 25 жыл енді болды. Тәуелсіздік ешқашан оңай келген емес, өз тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазақ Елбасының сындарлы саясатының арқасында бүкіл әлемге танылды. Ал кешегі күнді ойға алсаң, төбе құйқаң шымырлайды.

Патшалық Ресейден кейін Кеңес өкіметіне бодан болдық. Орта Азиядағы саны ең үлкен қазақ сан түрлі азапқа түсіп, қынадай қырылып қалды. Қазақ жерін жаулау үшін ойлап табылған тың игеру кезінде өз елімізде, өз жерімізде 30 пайызға жетпей қалдық. Тәуелсіздік алар тұста 40 пайыздың арғы-бергі жағында тұрдық. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы барша ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, бір мақсат, бір мүддеге біріктіргендіктен, бүгінде бейбітшілік пен келісім, ұлтаралық түсіністік салтанат құрып отыр. Соның арқасында ширек ғасырда еліміз бағындырған асулар да айтарлықтай.

Елбасының қазақ тарихындағы еңбегі ерен, ешқандай өлшемге сыймайды. Сен де өз мемлекетің үшін керек болса жаныңды аяма, сол елді басқарып, бас ие болып отырған Елбасыңның қасында тұтас бол. Ауызбіршілігің мықты болсын, Отаныңның экономикасы дамуына үлес қос, тіліңді, діліңді түзе, елді көркейт. Сонда ешкімнің алдында айылыңды жимайсың.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде қазақ тілі естілсе, кеше ғана ешкім білмейтін отар ұлт Еуропаның төріне шықса, ол – біздің Елбасымыздың саясатының, әлемдік беделінің жемісі. Жақында Мемлекет басшысының нұр дидарын төл теңгемізден көріп, мархабаттанып қалдық. Джордж Вашингтон Америка үшін қандай ардақты болса, қазақтың басын төрге шығарған Нұрсұлтан Назарбаев – еліміз үшін сондай тұлға. Өз ұлыңды ардақтамасаң, кім жақсысын береді. «Сүйер ұлың болса сүй, сүйенерге жарар ол» деген осы.

Бекболат ТҮЗЕЛБАЕВ,  Оңтүстік Қазақстан облысы

«Қазақстан темір жолы» ҰК «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері

 

Отандық тарихымыздан сыр шертетін болады

zhetpisbay-bekbolatulyОсыдан 23 жыл бұрын Елбасы Жарлығымен Тәуелсіз Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық валютамыз – төл теңгеміз айналымға енген болатын. Яғни, 1993 жылдың 15 қарашасы – төл ақшамыздың туған күні әрі қазақстандық қаржыгерлер күні болып бекітілді. Біз Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде төрт құбыласы түгел іргелі мемлекеттердің қатарына қосылдық. Егемендіктің жетістігі ретінде төл теңгеміз қазақ халқының ұлы тұлғалары мен тарихын, табиғаты мен тәуелсіздіктің тегеурінді табыстарын таныстырды.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде қыруар жұмыс жасалынып, көптеген толымды жетістік жүзеге асырылды. Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміз ат ауыстырған өтпелі заманның қиын сынынан сүрінбей өтті.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Елбасы бейнеленген жаңа банкноттың шығарылуы мемлекет тарихының ерекше кезеңінің естелігі болмақ. Әлемдік тарихта кеңінен танымал Нельсон Мандела, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Ю, Уинстон Черчилль және тағы басқа көшбасшылар өздері өмірі мен қажыр-қайратын арнаған елдерінің қазіргі заманғы валюталарында бейнеленген. Сондықтан, жаңа тұрпатты мемлекетті қалыптастырушы әрі әлемдік антиядролық қарусыздану идеясының негізін салушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев бейнесі көрініс тапқан бұл банкнот та ел есінде қалатынына сенімдімін. Банкнот бетіндегі Президенттің портреті, Астананың бойтұмары саналатын «Бәйтерек», ынтымағы жарасқан көпұлтты xалқымыздың ортақ шаңырағы – Қазақстан картасы еліміздің қысқа уақытта құрған ерекше елдік тарихынан сыр шертеді. Аталған банкнот қазақстандықтардың Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы қуанышты көңіл-күйін еселей түсетін тарту болды.

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі