Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында еліміздің ғалымдарымен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ғылымның түрлі салаларында табысты еңбек етіп жүрген азаматтардың ел дамуына қосқан үлесін атап өтіп, алғыс білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
«Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек», – деді Президент.
Ғылым саласын қайта жаңғырту
Кездесуде еліміздің ғылыми әлеуетіне қатысты мәселелер қозғалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылымға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбегені, соның салдарынан көптеген ғалымның басқа салаға ауысып кеткені айтылды.
Соның нәтижесінде ғылыми қызметкерлердің саны үш есе азайып, бұл жағдай елдің зияткерлік әлеуетіне кері әсерін тигізген. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым саласындағы жемқорлық мәселесін де көтерді.
«Бұл олқылықтарды жою үшін мемлекет ауқымды шаралар қабылдады. Ғылым академиясына жоғары ғылыми ұйым мәртебесі беріліп, инфрақұрылым жүйесі жаңартылуда. Сондай-ақ кадр даярлау ісі жолға қойылды», – деп атап өтті Президент.
Қабылданған реформалар нәтижесінде соңғы жылдары ғылым саласына бөлінетін қаржы 3,5 есе өскен. Жас зерттеушілерге қолдау көрсетіліп, ғылым жолындағы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.
Ғылымның стратегиялық маңызы
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның ел дамуына тигізер нақты пайдасы туралы пікірін білдіріп, бірқатар маңызды бағыттарды атап өтті.
«Ядролық ғылым мен технологияны дамыту – стратегиялық міндеттердің бірі. Қазақстан бұл салада үлкен әлеуетке ие. Ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту сияқты бағыттарда алға жылжу үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, жасанды интеллект саласының қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстанның бұл бағытта көшбасшылардың қатарында болуына мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Адам капиталы – еліміздің басты ресурсы. Талантты, білімді азаматтарды қолдап, ІТ мамандарды даярлауға ерекше мән беруіміз керек», – деді ол.
Университеттер мен кәсіпорындардың рөлі
Президенттің айтуынша, университеттер тек маман даярлаумен шектелмей, тың зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында тұруы керек. Бүгінде зерттеу университеттеріне ерекше көңіл бөлініп, қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдар ел экономикасына нақты пайда әкелуде.
«Satbayev University зерттеушілері селен элементін тазартудың жаңа технологиясын ойлап тапты. Соның арқасында бір келі селеннің құны 15 есе артып, өндіруші компанияға 1,2 миллиард теңге қосымша пайда әкелді. Бұл – ғылымның нақты нәтижесі», – деп атап өтті Президент.
Қазақ ғылымының болашағы
Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, еліміздегі кәсіпорындар да ғылымды дамытуға үлес қосуға тиіс. Олар университеттермен және ғылыми орталықтармен бірлесіп, жаңа өнімдер шығаруы керек. Қазақстандағы ірі өндіріс орындары өз табысының 1 пайызын ғылым саласына аударып келеді. Президент мұны стратегиялық маңызға ие бағыт деп санайды.
Айта кетейік, бүгін Президенттің Жарлығымен бір топ ғалым мемлекеттік наградалармен марапатталды.