26 қыр, 2016 сағат 09:07

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 1 миллионға жуық этникалық қазақ қоныс аударды

1991 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін елімізге шетелден шамамен 1 млн-ға жуық этинкалық қазақ қоныс аударды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбеновтің Шынтөбе пікірталас клубының алғашқы отырысындағы сөзіне сілтеме жасап.

1995 жылы «Қазақ диаспорасын қолдау бойынша мемлекеттік бағдарлама» әзірленді. Жаңа заңнама қазақстандық азаматтықты алуға жеңілдіктер жасады. 24 жыл ішінде этиникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына жағдайларды жақсарту бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп отырды. Бүгін қазақ диаспорасының өкілдері әлемнің шамамен 40 елінде өмір сүріп жатыр.

 

«1991 жылдан бастап 2016 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін елімізге шетелден шамамен 1 млн-нан астам этникалық қазақтар келді, әлеуметтік мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Мөлшерлеп талдау жасадық: барлық келгендердің 75%- ТМД елдерінің өкілдері және 25% басқа елдерден келгендер. Олар көбінесе Өзбекстан, Қытай және Моңғолиядан келгендер», - деді М.Әбенов.

1991 жылдан бастап 2016 жылдың 1 қаңтар айына дейін тарихи Отанына 261 104 отбасы немесе 957 772 этникалық қазақ келді, бұл жалпы еліміздегі халықтың 5,5% құрайды. Қазақстардың 61,6% Өзбекстаннан келді, 14,2% - Қытайдан, 9,2% - Моңғолиядан, 6,8% – Түркменістаннан, 4,6% - Ресейден және 3,6% басқа елдерден келді.

Оралмандардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстанға қоныстанды – 21,2%, Алматы облысында - 16,3%, Маңғыстау облысында - 13%, Жамбыл облысында - 9,4% және басқа аймақтарға - 40,1%. Этникалық қазақстардың ішіндегі еңбекке қабілеттілері 55,6%, 18 жасқа дейінгі балалар 39,9% және зейнеткерлер 4,5% құрайды. Еңбекке қабілетті этникалық қазақтардың ішінде 8,8% жоғары білімі, 20,6% – орта білімі, 60,8% - жалпы орта білімі бар және 9,8% – білімі жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылғы 24 қарашада Мелекет басшысы «Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасына қол қойған болатын. 

Ұлт порталы