«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Антон Ивлев демографиялық болжамдар жасауға арналған ақпараттық жүйе құрастырмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«1С-Рейтинг» ЖШС бағдарламашысы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің магистранты Антон Ивлев «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыстау сәтінде осылай деді.
«Екі жыл бұрын маған бір беделді демограф жыл сайын мыңдаған IT маман оқу бітіріп жатқанымен, олардың санаулысы ғана демографияға бет бұратынын айтқан еді. Магистратураның бірінші курсында оқып жүргенде демографиялық деректерді талдаумен айналыса бастадым. Өйткені мен саланың келешегі бар екенін көрдім. Бұл ғылым саласында да, ақпараттық технологиялар саласында да, әсіресе, бүгінгі демографиялық өсуім кезеңінде шексіз тәжірибе болатыны анық еді. Мен зерттеушілердің бәрі пайдалана алатын, ауқымды деректерді оңай бағдарлап, алдағы жылдардың демографиялық болжамын жасауға мүмкіндік беретін ыңғайлы ақпараттық жүйені құрғым келеді», - дейді маман.
Антон Ивлевтің айтуынша, ақпараттық жүйе ғалымдарға келешкті болжап қана қоймай, бұрынғы деректер бойынша талдау жасауға да жол ашады. Ғалымдарға оңай қолдануға болатын тақырыптық желілер болады.
«Сонымен қатар, жүйенің арқасында біз өткенге көз жүгіртіп, бұрнағы жылдардағы демографиялық деректердің олқы тұстарын толықтыра аламыз. Мұның бәрі қазір ой ғана. Тек алғашқы қадамды бастадық деуге болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сізге осы істе мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұл біз сияқты жас ғалымдар үшін ғылыммен айналысуға және дамудың жаңа жолдарын іздеуге үлкен ынталандыру болағына сенімдімін», – деді жас ғалым.