ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президенттік жастар кадрлық резерві мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтіп жатыр.
«Дарынды жастарды қолдайтын стратегиялық шараларының бірі – жастардың кадрлық резерві болды. Бұл жоба жоғары білікті жас мамандардың мемлекеттік басқару жүйесіне түсуіне мүмкіндік берді. Қазір президенттік кадрлық резервке қабылдаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Оның аясында қосымша 150 жас маманды іріктеу жоспарлануда», - деді Аида Балаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар форумында.
Министр елімізде ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және БАҚ салаларындағы жастардың 30 жобасы мен бастамасын қолдау мақсатында жыл сайын берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бекітілгенін айтты. Оның көлемі үш миллион теңгені құрайды.
«Биыл сарапшылар талқылауының нәтижесінде конкурстық комиссия 30 үздік жобаны таңдады. Сіздер де осы гранттардың тұсаукесеріне куә боласыздар деп ойлаймын», - деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, А. Балаева форумның жастар саясаты саласындағы қорытындыларды шығарып қана қоймай, түйткілді мәселелерді де талқылап, оларды шешу жолдарын айқындайтынын жеткізді.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап жастарға, олардың мәселелеріне және сапалы дамуына үлкен көңіл бөлді. Бүгін сіздерге барлық жол ашық, ал сіздердің міндеттеріңіз – елді бұдан да күшті және бәсекеге қабілетті ету», - деді Аида Балаева.