15 қар, 2016 сағат 09:42

Тәуелсіздік туын желбіреткен пойыз Көкшетау жұртшылығымен жүздесті

Арқаның арайланған ақ таңымен ілескен «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын көкше­тау­лықтар көңіл төріндегі ыс­тық ықыласпен қарсы алды.

Қала қақпасы – темір жол бе­кеті бар жасауын тағынып алған. Сәні мен салтанаты жа­расқан халықтың алдында Ақмола облысы әкімінің орын­­­басары Н.Нұркенов құр­мет­­ті қонақтарға құттық­тау сө­зін жолдады. Ал «Тәуел­сіз Қа­­зақстан» пойызы штабы­ның же­тек­шісі, тарихшы ға­лым Ә.Әлпейісов шара­­­ның ма­ңыз­дылығына тоқталды.

Осы күні Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық ауруханаларында, саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығында болған невролог, нефролог, уролог, гематолог, ортопед-травмотолог, ревматолог, пульмонолог, педиатр, гас­троэнтеролог, ангихирург, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог мамандар ақмолалықтарды қабылдап, еліміздің түрлі медици­на­­лық мекемелеріне жолдама бер­ді. Дәрігерлердің арасында Қарағандыдан келген Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығының балалар травматолог-ортопеді Д.Әбеновті сөзге тартқан едік.

– Облыстық балалар ауруханасы заманауи талаптар дәрежесінде жабдықталған екен. Мұнда білікті мамандар да жеткілікті. Біз сегіз баланы қабылдадық. Ем-шараның бастапқы кезеңі сәтті өткені бай­­қалады. Араларында Астананың ғылыми орталықтарында емделу­ге жататындары да бар. Біз оларға тиіс­ті кеңестер бердік. Жал­пы, Көкшетау емханалары мен ауру­­ханаларындағы игі істерге бұрын­нан қанық екенімізді айтқым келе­ді. Өзара тәжірибе алмасуға да мүм­кіндік туды, – дейді Д.Әбенов.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы депутат­тық тобының жетекшісі С.Абдрахманов бастаған топ Дос­тық үйінде этномәдени бір­ле­с­тіктер мен жастардың қаты­суы­мен дөңгелек үстел мәжілісін өт­кізді. Онда сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық бірлестіктердің өкілдері «Тәуелсіз Қазақстан» акциясының мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстарды көрсету, осы арқылы ел бірлігін нығайту, қоғамды топтас­тыру, отаншылдықты орнықтыру екендігіне ерекше екпін түсірді.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында пойыз құрамында келген Әділет министр­лігінің өкілдері С.Ақжанбаев, Г.Қайырбекова, А.Шалкенова облыс тұрғындарын қабыл­­дап, олар­­дың мәселелерін шешуге қа­жет­ті кеңестерін берді. Бұл ша­раға Көкшетау қаласының прокуроры А.Ризанов, Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы В.Радченко, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Г.Әкімова, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары А.Әміренова, қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Жүсіпов және тағы басқа мемлекеттік органдардың басшылары да қатысты.

Қабылдауға алғашқылардың бірі болып кірген В.Магомедова өзінің бұрынғы күйеуінің кәмелетке тол­маған балаларына алимент төле­мей, тиісті органдардың шығарған шешімдеріне бағынбай жүргендігін, сот орындаушыларының жұмысына да көңілі толмайтындығын жеткізді. Бұл ретте, Әділет министрлігінің өкілі, сарапшы Г.Қайырбекова оған ақыл-кеңестерін айтып, мәсе­ле­ні жедел шешіп беретіндігін, бұ­рын­ғы күйеуімен де байланысқа шығатынын айтты. Және сол арада осы іспен айналысқан жеке сот орындаушысымен хабарласып, жағдайды түсіндірді.

Ал Красный яр ауылына баратын жолда орналасқан «Маяк» саяжай кооперативінде тұрып жатқан көпбалалы отбасының отағасы Ж.Бостандықов пен оның әйелі Р.Ұзақбаева балаларының төр­теуі Көкшетау қаласындағы №10 мектепте оқитындығын және өздері тұрып жатқан кооперативте электр жарығы жоқ екендігін айтып арызданды. Тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы және энерге­тика басқармасының басшысы В.Радченко бұл мәселені алдағы бес күн ішінде шешіп беретіндігін айтты.

Сондай-ақ, қабылдауда «Нұрлы көш» ауылында мектеп, бала­бақ­ша салу, балаларға ойын алаң­да­рын ұйымдастыру жөніндегі сұрақ­­тармен келген тұрғындар да болды. Жергілікті құзырлы орган өкілдері алдағы уақытта шағын аудан балалары үшін ойын алаңдары салы­натындығын мәлімдеді. Соны­мен қатар, денсаулық сақтау сала­сының өкілдеріне жаңа туған сәбидің балалар тағамын тегін беру мәселесі бойынша шағымданып келгендер болды. Бұл орайда, оларға тегін тағам бөлудің ережелері мен талаптары түсіндірілді.

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы­ның мүшелері Көкшетау сапарын­да 8 топқа бөлініп қала мен жа­қын елді мекендерден келген азаматтардың кәсіпкерлік, бі­лім алу, құқықтық ұстанымдар, жұ­мыс­пен қамту, әлеуметтік көмек, қо­ғам­дық қатынастар сияқты өзекті мәсе­лелер бойынша кең көлемді түсінік жұмыстарын жүргізді. Бұл күні мәдениет ошақтарында, білім ордаларында, еңбек ұжымдарында өткізілген тағылымды шараларға жұртшылық көптеп жиналып, ерекше желпініс үстінде болды. «Тәуелсіз Қазақстанның» мақсаты да осы деп ұқтық.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы

Суретті түсірген

Берік ЕСКЕНОВ