12 жел, 2018 сағат 23:40

«Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат»

ҚР Тәуелсіздігі күні Отырар ауданы Темір ауылдық мәдениет үйінде ерекше салтанатпен аталып өтті. Темір жалпы орта мектебі ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат» атты салтанатты жиында мектептің «Әжелер алқасынан» құралған «Ақ әжелер» ансамблі тамаша әнді тарту етсе, «халық аспаптары» оркестрі күмбірлеген күй тартып, мектептің өнерпаз оқушылары патриоттық әндерді шырқады.

Мерекелік шарада сөз алған аудан басшысы: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз егемендіктің ең негізгі алғышарттарын жасай алды. Бәрінен бұрын көпұлтты, көптілді, көпдінді елде халықтың ауыз бірлігін сақтауға қол жеткізілді. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлттардың мүддесін ортақтастыра алғаны - Елбасымыздың даналық саясатының айқын айғағы еді. Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының жалғасы ретінде жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы - көптеген өшкен дүниелерімізді қайта жаңғыртып, төл тарихымызды тануға бағытталған ауқымды жобалар. Біз осы міндеттерді негізге ала отырып бүгінгі ұрпақтың санасына рухы асқақ қаһарман еліміздің үлгі тұтарлық ерлігі мен ғылым мен мәдениеттің орталығына айналған Ұлы даламыздың бай мұраларын өнеге етіп танытуымыз керек. Бұл өскелең ұрпақтың еңсесі тік, рухы биік болып жетілуіне, егемен еліміздің кемелді ел болып қалыптасуына үлкен ықпал ететіні анық, - деп, шараға қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

Әсем ән мен тәтті күй, ұлттық киім киген қыздардың мың бұралған биіне ұласқан салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, тәуелсіздігіміздің 27 жылдық тарихымызды айшықтайтын сазды композициялық көрініспен жалғасын тапты.

Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар түс ауа Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында жалғасты. «Тәуелсіздік - Ұлы дала ұрпақтарына аманат» тақырыбындағы тәрбиелік мәні зор бұл шараға да аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы барып қатысты.

Көпшілік алдымен «Тәуелсіздік жолындағы еңбек» атты мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушыларының сурет және қолөнер көрмесін тамашалады.

Мұнан соң мектеп оқушылары дайындаған мерекелік шара басталып, «Атамекен» хор ұжымы «Менің Отаным» әнімен салтанатты жиынның шымылдығын түрді.

Шарада сөз алған аудан басшысы: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда ғана жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуға тиіс. Сондықтан мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады», - деп, саналы ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттігін ерекше атап өтті.

«Яғни, тарихи жәдігерлеріміз бен бай мұраларымызды өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жастарды өткен тарихымызды тануға тәрбиелеудің маңыздылығы зор. Осы бағытта кезінде аты әлемге мәшһүр болған даңқты Отырар қаласынның орны бүгінде сонау жылдардан сыр шертетін тарихи орынға айналып отыр. Елбасымыздың мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жасалған отырарлық қаһармандардың ерлігін дәріптейтін "Көне құмыраның сыры" атты анимациялық фильмнің балаларға берер әсері мол. Алдағы уақытта басқа да жобаларды қолға алу жоспарымызда бар. Осының бәрі шындап келгенде Тәуелсіз еліміздің 27 жыл ішінде жеткен жетістігі деп білемін», - деп, шараға қатысушыларды Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

Одан әрі салтанатты шарада «халық аспаптары» оркестрі күмбірлеген күй тартса, мектептің өнерпаз оқушылары патриоттық әндерді шырқады.

Тәуелсіздіктің 27 жылдығына арналған мерекелік жиында мектеп-гимназиясының үлгілі, озат оқушыларын республикалық қоғамдық бірлестік «Жас Ұлан», «Жас Қыран» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына салтанатты қабылдау рәсімі өтіп, оқшылар ант қабылдады.