16 жел, 2021 сағат 15:23

Тәуелсіздік – қолға қонған бақ!


Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл!

Қазақстан тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына - 30 жыл. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлемде көш бастаған дербес ел екенін дәлелдей білді. Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналды. Егер біз көне тарихымыздың қатпар-қатпар парақтарына көз жүгіртсек, ата-бабамыз ежелден-ақ өз жерін еш жауға бастырмаған, ұлын - құл, қызын күң қылмаған. Жауына - қатал, досына - адал, шыбын жанын шүберекке түйіп, садақ ұстап, найзаның ұшына үкі таққан ержүрек ұлдары мен қыздарының жауынгерлік үлгісі бізге аманат болып жеткен. 

Жыл сайынғы ел Президенттің халыққа арналған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталды. Қазіргі таңда Тәуелсіздік - барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі - ең алдымен халқымыздың бақыты. Алғашқы жылдарда басым мақсаттардың қатарында егемендікті нығайту, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикадағы қиыншылықтарға жауап беру болған еді. 

Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезімін оятуға ерекше көңіл бөлуі керек.

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, алтын діңгегі һәм халықтың бақ жұлдызы. Тәуелсіздік – қолға қонған бақ!

Осы орайда Ақмола студенттерінің Альянсы барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтайды!


Сондай-ақ, бұл құттықтауға "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының Ақтөбе облыстық штабының төрағасы Нұрлыбек Құмарұлы Мусин да қосылды.

«Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстар мен сүбелі жетістіктерге жетті. Сол жемісті жетістіктеріміздің куәсі - Тәуелсіздік жылдары Елбасы бастамасымен құрылған "Жасыл ел" бағдарламасы.

Бұл бағдарлама еліміздің түкпір-түпкірінде қолдауға ие болып, жүйелі түрде 17 жыл қатарынан іске асып келеді. Оған еліміздің жастары үлкен қолдау білдіруде.

Кейінгі ұрпаққа желден - ық, суықтан - пана, ыстықтан сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатты жасыл елді табыстау мақсатында тек Ақтөбе облысының өзінде ғана 3 млн. астам ағаш отырғызылды.

Жастар арасындағы жұмыссыздық көлемін азайтуға үлкен үлес қосып, оларды еңбексүйгіштік пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының  өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. 

Осындай биіктіктерді бағындыруына тәуелсіздік ұрпақтары болып табылатын жастарымыз сүбелі үлес қосып келеді. Ұрпақтарының ырысы ортаймасын, намысы тапталмасын деп көксеген ата - бабамыздың арманы орындалған осы шақта баршаңызға бақыт, байлық, береке тілеймін. Еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін!» - дейді ол өз құттықтауында.