Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ, оны қадірлеу баршамыздың қасиетті борышымыз. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Тұңғыш рет халқымыз өз тағдырына ие болды. Бүгінде азаматтарымыз өзінің және мемлекетіміздің болашағына нық сеніммен қарайды. Еліміз сан қилы тарих зұлматтарын өткеріп, еңсесін тіктеді. Әлем қоғамдастығына нық қадам басты. Халық саны 2 миллионға көбейіп, Тәуелсіздік алдындағы демографиялық дағдарысты еңсердік. Қазір біз 18,5 миллионнан астық. Мемлекетіміздің даму бағдарын өзіміз айқындау мүмкіндігін алдық», - деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінде еліміздің жаңғыру үрдісін Қазақстан жолы деп айтатындығына назар аудартты.
«Осындай ауқымды өзгерістерге Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы және көшбасшы болды. Жаһан жұртшылығы Елбасымызды әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға ретінде мойындады. Барлық салада толайым табысқа кенелдік деп күмәнсіз айтуға болады. Мұны бүгінгі буын және келер ұрпақ бағалауы керек. «Бейнет көрмей дәулет жоқ» деп хәкім Абай айтқандай, біз бұған оңайлықпен жеткен жоқпыз. Сондықтан бұл мереке бүкіл халқымызға ортақ тәубенің тойы, мәртебенің мерекесі. Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оны қадірлеу баршамыздың қасиетті борышымыз», - деді Қазақстан Президенті.