Қазақстан халқы Ассамблеясының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық акциясының аясында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Ақтөбе облысының Хромтау ауданына келді.
Күннің салқындығына қарамастан, хромтаулықтар қонақтарды темір жол вокзалында ерекше салтанатпен қарсы алды. Аудан әкімі Аманғали Бердалин, облыстық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Айбек Сағиев бастаған жергілікті билік өкілдері келушілерге өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Мәселен, аудан әкімі қонақтардың қадамына сәттілік тіледі. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады. Бұдан соң жергілікті өнерпаздар ән айтып, би билеп, қонақтарды аудан орталығына шығарып салды.
Топ құрамында жеті министрліктен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгро» ұлттық холдингі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тан барлығы 271 маман бар. Оның 72-сі – дәрігер. Олар Хромтау қаласындағы Кеншілердің мәдениет үйі мен «Нұр Отан» партиясының ғимаратында тұрғындарды қабылдады. Кеншілер мәдениет үйінде Білім және ғылым, Әділет, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен ұлттық палата өкілдері тұрғындарға кеңес берді.
– Бұған дейінгі жүріп өткен қалаларда сұрақтардың көпшілігі алиментке қатысты болды. Бірі алимент өндіріп ала алмай жүрсе, екіншісінің сот орындаушыларының қызметіне көңілі толмайды. Біз тұрғындардың арыз-шағымын тыңдап, егер мәселе шешімін табатындай жағдай болса, сол сәтте-ақ облыстық әділет басқармасы арқылы шешіп берсек, кейбір күрделі мәселелерді өзіміз жазып алып, министрлікке жібердік. Хромтауда негізінен кеңес алуға келіп жатқандар көп, – деді Әділет министрлігінің өкілі Сапарбек Ақжанбаев.
Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Арнұр Дарбаев кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндірді: «Кәсіпкерлерден несие, субсидия, кепілге зат қою төңірегіндегі сұрақтар жиі түсіп жатыр. Біз келгендердің барлығының сұрақтарына жауап беріп, қандай да бір проблема болса, шешуге ықпал етеміз. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтып, несие алудың қыр-сырын үйретеміз. Биыл «Аймақтық кәсіпкерлікті дамыту картасы» бағдарламасы басталды. Бұл бағдарлама бойынша бизнес ашқысы келетін азаматтар интернет арқылы нарықтағы жағдайды бақылап, өз саласы бойынша мағлұматтар алады», – деді палата өкілі.
Ал «Нұр Отан» партиясының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Тұрғындар әртүрлі мәселелер бойынша өтініш, арыз-шағым мен тілек айтты. Мәселен, 76 жастағы Марал Тергеусізов баспана сұрай келіпті: «35 жыл Көктау ауылында шопан болдым. Кейінгі 22 жылда еңбекке жарамай, мүгедек ретінде үйде отырмын. Қазір жасым 76-дан асты. Басымда баспана жоқ. Үлкен қызымның қолында тұрамын. Осы мәселені айтып аудан әкімдігіне барғаныммен пайда болмады. Енді Астанадан келген өкілдерден көмек күтемін», – деді ақсақал.
Жалпы, қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар көп болды. Қабылдаушылар барлығының мәселесін жазып алды. Біріне бағыт-бағдар берсе, екіншісінің мәселесін шешуді жергілікті билікке тапсырды. Ал дәрігерлер аудандық ауруханада қабылдау жүргізді. Жалпы, пойыз құрамындағы мамандар екі күн бойы хром-
таулықтарға көмек берді.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісовтің айтуынша, осы кезеңге дейін мамандар 24 мың 500 адамды қабылдаған. Оның ішінде 4 мың 300 адамға медициналық көмек көрсетілген.
Кәмшат ҚОПАЕВА,
журналист,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.
Ақтөбе облысы