«Есілдің бойы ен жайлау, жағалай қонған ел қандай» демекші, 36 ұлттың ынтымағын ұйыстырып отырған Есіл ауданының 2550 тұрғыны еліміздің басты мерекесін айтулы табыстармен қарсы алғаны қуанышты.
Тарихымызға «Тың қақпасы» ретінде жазылған өңірде 8000 шаршы километр егістік алқап бар. Биылғы алтын дән керуендері салмақты болып, қызыл қырман берекесін белдеуден төкті. Өңірдің пейзаждық понарамасын әрлеп тұрған еңселі элеваторларда еселі еңбек қызған шақ. Үстіміздегі жылы «Алтын дән», «ҚазБренд» ЖШС тағы да екі астық қоймасын қатарға қосуы жергілікті диқандардың береке жолының биіктігін көрсетеді.
Малшылар қауымы да екпінді істің жетегінде. Олар мемлекеттік қолдаудың кең жүйесін пайдалануға ынталы. Мәселен, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламасымен биыл 310 миллион теңгеге 400 бас ірі қара сатып алыныпты. Ал құрылыс жұмыстарының ауқымы 2014 жылғы көрсеткіштен 1,5 есе асып түссе, өнеркәсіп саласының 86,3 пайызы қайта өңдеу кәсіпорындарының еншісінде екен.
«Тәуелсіздік пойызын» жақсылықтар мен жетістіктер символы деп бағалайтын есілдіктердің делегация құрамымен абыроймен қауышуының сыры осында деп білеміз. Қалайы кілем, қырмызы гүл шоқтарымен, нан-тұз, шашумен қарсы алынған қонақтарға аудан әкімі Аманбек Қалжанов «Хош келдіңіздер» тілегін айтты. Аудан ардагерлері, өндіріс жетекшілері, жастар ұйымдарының белсенділері Көк туымызды асқақ желбіретуде. Анадай жерде балалар үйінің аймаққа аты мәлім үрлемелі аспаптар оркестрі құрмет қанатын қалықтатып тұр.
Жарты айға жуық ел аралап, жұртшылыққа жақсы таныс болып қалған пойыз штабының басшысы Әміржан Әлпейісов вокзал алаңын жаңғыртып, Тәуелсіздік толғамын төгілтті. Сөзін «бізге жүктелген жауапкершілік мол» деп аяқтаған ресми қонақ «жұмысқа кірісейікті» аңғартты. Шынында, Арқаның шыңылтыр аязына қарамастан, жұмыс қауырт жүргізілді. Бірінші топтағы 21 маман аудандық орталық ауруханада, балалар мен әйелдер кеңесі орталығында және емханаларда күні бойы 200-ден астам адамды қабылдап, көңілдегі күпті ойларын сейілте білді.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында пойыз мүшелерімен қатар, жергілікті қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері жұртшылықты жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл шараға аудан әкімі А.Қалжанов, аппарат бөлімдерінің басшылары қатысуы анық ақпарат алуға және мәселенің жедел қаралуына ықпал етті. Қабылдауға келген 8 кісінің барлығы да жауаптарға қанағаттанғандық білдірсе, екі адамның тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсартуға қатысты тілегі қолма-қол шешілді.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мамандарына жүгінушілер негізінен зейнетақы тағайындау, әлеуметтік көмектің сипаты туралы сұрақтар қойды. Қабылдауға жазылған 16 адамға тиісті кеңестер беріліп, арнайы дайындалған ақпараттық кітапшалар таратылды. Құқықтық мәселелер бойынша алты адамның сұрағы қанағаттандырылса, бизнес өкілдерінің, ауыл шаруаларының мүддесі мен құқықтарын қорғау жөнінде 50 кісіге жан-жақты кеңестер берілді.
Түстен кейін Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ауданның педагогтық ұжымымен, мектеп түлектерімен және жалпы жұртшылықпен кеңейтілген мәжіліс құрды. Республикалық Ассамб-
лея атынан аудандық кітапханаға әр түрлі тақырыптағы баспа өнімдері сыйға тартылды.
Есіл балалар үйіндегі кездесу әсерлілігімен есте қалды. Қоғам қайраткері Арыстан Жұмағали тәрбиеленушілер қолымен жасалған бұйымдарды айналымға шығару үшін интернет-дүкен ашу туралы ұсыныс жасады. Астанадан келген қонақ балалардың жеке қаржылай салымын толықтыру үшін 15 000 тегені Александр Фелехиннің «Тұрғын үй жинақ банкіндегі» есебіне аударды.
Шағын қаладағы №7 Агротехникалық колледжде 260 адам қатысқан кездесу болды. Шара бағдарламасы шеңберінде «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының мүшелері ел дамуының 25 жылдығындағы іргелі өзгерістер, ішкі-сыртқы саясат, Елбасының «Мәңгілік Ел» жобасы туралы тартымды әңгіме қозғалып, студенттердің шығармашылық еңбектері сарапқа салынды. Қонақтар колледждің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысып, көркемөнерпаздар концертін тамашалады.
Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасымен пайдалануға берілген «Болашақ» балалар бақшасындағы, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасымен салынған №3 орта мектебіндегі, «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан қазандық кешенінің құрылысындағы игі істер де Тәуелсіздік мерекесі өкілдерінің назарынан тыс қалмады.
Кешкісін Мәдениет сарайында қонақтарға арнап мерекелік концерт қойылды.
Есілдіктер «Тәуелсіз Қазақстан» пойызын Арқалық қаласына сән-салтанатпен шығарып салды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Есіл ауданы