30 сәу, 2024 сағат 19:01

Татулық — біздің тірегіміз


Татулық пен бірліктің ордасына айналған Қазақстан бүгінде көп елдерге үлгі болып отыр. Байтақ елде бірлігі бұзылмаған 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Қилы заманда тағдыр тәлкегімен тарихи Отандарынан ажырап қалған сан түрлі ұлттар киелі қазақ жерінен қоныс тауып өсіп-өніп жатыр. Тілі мен діні, түрі мен салт-дәстүрі бөлек болса да олардың ана тілдері мен салт-дәстүрлерін ұстануға ешқандай кедергі жоқ. Өйткені барлығымыздың Отанымыз бір, ол- тәуелсіз Қазақстан. 

Ұстамдылық барша ұлтқа тән қасиет 

Бірлік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалы¬ғымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаз¬дық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өткені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты айтқан пайымды пікірі қазіргі заман ағымына қарай нақты іске өрілген. Мемлекет басшысы тіл тақырыбына келгенде ұстамдылық таныту керектігін айтты.

«Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін», - деді.


Толеранттық – тұрақтылық кепілі

Сессия барысында Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев терроризм қаупіне тоқталды.

«Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде. Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалады», – деді Президент. 


Лаңкестік қауіп-қатерлер алдыңғы шепке шыққан уақытта мемлекеттік тіл мәселесі сынды күрделі тақырыптарды қозғап, ұлтараздықты туындатудың қажеті жоқтығын көптеген мамандар да айтып отыр. Осындай кезеңде Қазақстан Халқы Ассамблеясының жұмысы аса маңызды екені рас. Қазақстан саяси зерттеулер институты Қоғамдық пікірді зертету бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасимова Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) – әлеуметтік интеграцияның құралы деп есептейді.  

«Жақында Мәскеуде орын алған лаңкестік әрекеттер тек Ресей қоғамын ғана емес, оның шекарасынан тыс жерлерде де қатты алаңдаушылық тудырды. Бұл күтпеген оқиға радикалды және экстремистік ағымдардың деструктивті әсерін тиісінше бағаламаудың салдары қандай болатынын тағы бір дәлелдеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде жаһандық тұрақсыздықты радикалды идеяларды ілгерілету және ксенофобияны қоздыру мақсатында пайдалану әрекеттерінің күшеюіне, сондай-ақ оларға қарсы тұру қажеттілігіне ерекше назар аударды. Бұл мәселеде Президент ҚХА-ға әлеуметтік интеграция мен белсенді патриотизмнің жетекші институты рөлін жүктейді», - дейді Гүлназ Қасимова.  


Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясында «Ақсақалдар кеңесі» жұмыс істейді. 2023 жылы құрылған бұл жоба діни экстремизмнің алдын алудың тиімді тетіктерін құруды қарастырады. Өңірлерде барлығы 1119 «Ақсақалдар кеңесі» жұмыс істейді, оның құрамында жеті мыңнан астам адам бар. 

«Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлеріндегі қоғамдық пікір көшбасшыларының басын біріктірген «Ақсақалдар кеңесі» экстремизмнің алдын алу, радикалды идеяларды насихаттау сынды түрлі мәселелерді қамтуда. Кеңес жұмысына қандай да бір баға беруге әлі ерте екеніне қарамастан, мұндай мәселелерді қызмет бағыттарының қатарына қосу көңілге қонымды. Ақсақалдар кеңесін мысалға ала отырып, ҚХА аясында атқарылып жатқан шаралардың шиеленістердің алдын алуға, қоғамдық келісімді нығайтуға әлеуеті бар екенін көреміз. Ассамблея мемлекет, қоғамдық ұйымдар және жергілікті қоғамдастық арасында мигранттарды біріктіруге және көпұлтты аймақтардағы өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін делдал бола алады. Сонымен қатар ҚХА мәдениетаралық алмасу жобаларын, соның ішінде студенттер алмасуын, мәдени фестивальдерді, тіл курстарын және басқа да іс-шараларды қолдау және бастамашылық ету арқылы қазақстандықтар арасындағы өзара түсіністік пен толеранттылықты нығайтуға көмектесуі керек» - деп ой түйіндеді Гүлназ Қасимова.


Тіл мәселесіне байыптылық қажет 

Тілдерді дамыту – еліміздегі мем¬лекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Үкіметінің қаулысымен елімізде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Дегенмен көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – күрделі мәселе екені жасырын емес.

«Қазақстанда мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатыр. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлардың барлығы елімізде бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында президентіміздің тіл мәселесін көтеруінің үлкен мән-маңызы бар», - дейді сарапшы Гүлназ Қасимова.  


Қызбалық құрдымға кетіреді

Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде мәселенің саясилануы байқалады. Мемлекеттік тіл саясатына келгенде қоғам пікірі сан-саққа жүгіріп тұр. Қазақстан азаматтары арасында тоқтаусыз пікірталас жүріп жатқанын әлеуметтік желілерден аңғару қиын емес. Осы түйткілге қатысты Президент¬ айтқан пікірлер жай ғана ниет емес, бүгінгі заман талабына қарай берген нақты бағыт-бағдар болып табылады. Өйткені ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. 

Қоғам белсендісі Мұрат Балабай «Тіл мәселесінде қазаққа салқынқандылық қажет. Біздің мұратымыз, стратегиямыз түсінікті. Тактикамыз бүгінгідей болып қала бергені дұрыс. Осы ретте Әбіш Кекілбаевтың «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық» деген ұстанымы орынды деп есептеймін. Біздің прагматик болғанымыз жөн. Ұлттық саясатта қызбалық, эмоция, жалған намыс деген болмау керек. Мәселені саясиландыруды қарсы жақ күтіп отыр. Ауыздарынан суы ағып, сыныққа сылтау іздеп жүрген оларға мүмкіндік бермеу керек», - деген пікір білдірді. 

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда еліміз ғылымды дамытуға, цифрландыруға, қазақ тілінде контент жасауға, экономикалық тәуелсіздікті нығайтуға күш салуы қажет. Абай атамыз айтқандай, Қазақстан халқы «ақырын жүріп, анық басатын» кезеңде тұр. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов «Менің ойымша қазақ тілін күшпен үйретуге болмайды. Себебі, елі¬міздегі өзге ұлт өкілдерінің талап-тілегімен де санасуымыз керек. Алайда, тіл үйрену үшін әрбір азамат мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін өзі сезінсе, тіл мәселесінің күрмеуі өзінен өзі шешілетіні ақиқат» деп айтқан болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деген ұстанымын білдірді. 

«Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біз жүретін жол емес», – деді мемлекет басшысы. 

Автор: Сандуғаш Райым