Egemen Qazaqstan газетінде ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышевтің Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы жайлы көлемді материалы жарияланды. "Ұлт ақпарат" мақаланың толық мәтінін оқырман назарына ұсынады.
Кейінгі кезде қоғамымызда Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың қажеттілігіне, екіжақты ынтымақтастықтың тиімділігіне күмән білдіріп жүргендердің дауыстары қаттырақ естіліп жүр. Олардың бір бөлігі «саяси егемендігіміздің жоғалу қаупін» айтса, басқасы еліміздің «Қытайға экономикалық тәуелділігі» туралы сөз қозғайды. Көп жағдайда қауесет әңгімелер ақпараттың жеткіліксіз болуынан немесе берілген ақпараттың бұрмалануынан туындайды.Әрине, бұл жайт мемлекеттік органдардың ақпаратты бұқараға жеткізу тәсілдерін жетілдіруі қажеттігін көрсетеді. Дегенмен Қазақстан мен Қытай қатынастарының соңғы жылдары қарқынды дамуына қызғанышпен қарайтын «үшінші күштердің» де белсенді жұмыс істеп жатқанын естен шығармау керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жерінің шетелдіктерге сатылмайтыны және жалға берілмейтіні туралы бірнеше мәрте қайталап айтса да, осы тақырыптың айналасында халықты дүрліктіріп, көшеге шығарып, шерулер ұйымдастыруды көздейтін топтар бар. Олар жер мәселесі бойынша билік тарапынан табанды қадамдар жасалғанын көріп, енді соңғы митингтерде Қытаймен қарым-қатынасты мүлдем шектеу талаптарын көтере бастады.
Осыған орай, 1700 километр ортақ шекарамыз бар Қытаймен ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту тақырыбын сараптап көрсек.
Саяси ынтымақтастық
Ең алдымен, біздің мемлекет Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанатынын еске сала кеткен жөн. Бұл бағытты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси сабақтастығы аясында бірнеше мәрте растаған болатын.
Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында еліміз Ресей Федерациясымен одақтастық қатынастарды, Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті, Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті, Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынастарды, Еуропалық Одақпен және оған мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықты одан әрі дамытатыны туралы айтылған.
Соның ішінде көршілес Қытаймен жаңа дәуірдегі қатынастарымызға 2022 жылдың 3 қаңтарында 30 жыл толады. Осы тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. 1995 жылы Қытай Үкіметі ядролық держава ретінде Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік берді. 1999 жылы Кеңес Одағы заманынан мұра болып қалған шекара мәселесі толықтай шешіліп, Қазақстан және Қытай Үкіметтері арасында тиісті Шартқа қол қойылды. Қазіргі таңда екі мемлекет арасындағы мемлекеттік шекарадағы делимитация және демаркация жұмыстары толығымен аяқталды. Шекара белгілерінің қартаға түсіп, шекара бағаналарының шекара бойында орнатылғаны оның мызғымастығының белгісі болып табылады.
1996 жылы Шанхайда және 1997 жылы Мәскеуде «Шанхай бестігі» аясында қол қойылған Шекара маңындағы әскери саладағы сенімді нығайту және әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісімдерге сәйкес тараптар шекара маңында орналасқан әскери күштерді қысқартуға және олардың жағдайын жыл сайын бірлесіп тексеріп тұру туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын. Қазіргі таңда бұндай тексерулер жылына екі рет бес мемлекеттің қатысуымен жүргізіліп отырады.
Осындай маңызды саяси келісімдерге қол жеткізу екі мемлекет басшыларының саяси еріктерінің арқасында мүмкін болды. Қазір кейбіреулер Қытай үкіметі бұрынғы басшылар қол қойған құжаттарды орындамайды деген түрлі қауесет әңгімелер таратып жүр. Әлбетте, әр халықаралық шартта оның күшінің қалай жойылатыны туралы тиісті баптар бар. Алайда Қытай тарапы бүгінгі күнге дейін бірде-бір рет жоғарыда аталып өткен екіжақты қатынастарды дамытуда ерекше орын алатын келісімдерді тоқтату мәселесін көтермегенін және келіссөздер барысында оларды қатаң ұстанатынын бірнеше рет растағанын атап өткен жөн.
Бұл ретте мемлекет басшылығының Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастардың қалыптасуына, тұрақты дамуына және еліміздің мүддесіне сай болуына ерекше назар аударатынына күмән болмауы керек. Мен 1996 жылдан бері Сыртқы істер министрлігінде қызмет етемін. 25 жыл бойы Қытай бағытында еңбек етіп келемін. Жас дипломат ретінде мемлекет, үкімет және министрліктер басшыларының талай келіссөздеріне аудармашы ретінде, одан кейін аға дипломат болып талай кездесулерге қатысқан тәжірибем бар. Осындай әр кездесудің басты мақсаты – мемлекет игілігі мен халық пайдасына лайықты ортақ шешімдерге қол жеткізу.
Қытай тарапымен ынтымақтастықта мемлекет басшылары арасындағы жеке қатынастар ерекше орын алады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылы бойы Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаев Қытайдың үш буын басшыларымен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы еліміз үшін өзекті мәселелердің оң шешілуіне зор үлес қосқаны даусыз. Соның ішінде екіжақты трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мәселесі бойынша келіссөздерді бастау және көрші мемлекетте тұрып жатқан қандастарымызға жергілікті үкімет тарапынан қамқорлық көрсету сияқты маңызды мәселелер де бар.
Сондай-ақ екі мемлекеттің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығына да тоқтала кеткен жөн. Әсіресе Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі (АӨСШК) шеңберіндегі өзара қолдаудың биік деңгейде екеніне назар аударамын.
Қытай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесінің бірі екенін ескере отырып, Қазақстанмен түрлі ғаламдық мәселе бойынша, әсіресе 2017-2018 жылдары еліміз аталған құрылымның тұрақты емес мүшесі болғанда тығыз жұмыс істегенін айта кеткен жөн.
АӨСШК құру Елбасының бастамасы екені белгілі. Кейбір сарапшылардың аталған кеңестің жұмысы ШЫҰ іспеттес деген пікіріне қарамастан, Қытай –2014-2018 жылдары АӨСШК-ке төрағалық етіп, оның нығаюына, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын бастауға бастамашы болған және 2014 жылы Шанхайда Кеңестің саммитін өткізген мемлекет.
Экономикалық ықпалдастық
Қытай қазіргі кезде дүние жүзіндегі ең ірі экономикалардың бірі екені белгілі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы әлемге тараған коронавирус індетінің теріс әсеріне қарамастан, ҚХР-дың ішкі жалпы өнімі шамамен 16 триллион АҚШ доллары болды. Қытай автоматтандыру, робот шығару, цифрландыру, нанотехнология, биотехнология, блокчейн сияқты салаларға көңіл бөліп, қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен ерекшеленеді. Бірнеше жылдан соң, сарапшылардың болжамы бойынша, Қытай экономикасы әлемде бірінші орынға шығады. Әрине, осындай алпауыт мемлекет көрші болғанда кейбір адамдарда түрлі үрей мен қорқыныш туындауы таңғаларлық жағдай емес. Дей тұрғанмен, біз бұдан өз мемлекетіміздің дамуына мүмкіншілік іздеп, пайда табуымыз керек.
Ең алдымен, Қытай – үлкен нарық. Бір миллиард төрт жүз миллион халқы бар мемлекет тұрғындарын асырау мақсатында шетелден азық-түлік сатып алуға мәжбүр. Қолда бар ақпаратқа сәйкес Қытайдың жылдық азық-түлік нарығы 1,5 триллион АҚШ долларын құрайды. Демек біздің ауыл шаруашылығымыз үшін көрші мемлекетке өз өнімін экспортқа шығару басым бағыттардың бірі болуы керек. Өкінішке қарай, қазір Қытай көптеген азық-түлік түрін басқа мемлекеттерден, тіпті басқа құрлықтардан тасымалдауға мәжбүр. Солардың ішінде Оңтүстік Америкада орналасқан және Аустралия мен Жаңа Зеландия сияқты мемлекеттер ет, сүт, жеміс пен соя сияқты өнімдерді экспорттау көлемдерін жылдан-жылға ұлғайтуда.
Қытайда азық-түлікке тұрақты сұраныс болатындықтан, біздің мақсат – Қытай нарығына шығу болуы тиіс. Тұрақты сұраныс болса, өндіріс көлемі ұлғаяды. Жаңа кәсіпорындардың пайда болуы – жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіншілік береді. Әрине, Қытай нарығына шығу үшін біршама тер төгіп, кәсіпорынның және онда өндірілетін өнімнің сапасын куәландыру қажет. Бұл үшін соңғы жылдары еліміздің Ауыл шаруашылығы және Сыртқы істер министрліктері біздің кәсіпорындарға тиісті көмек көрсетіп, Қазақстан және Қытай үкіметтері арасында екіжақты 18 хаттамаға қол қоюға бастамашы болды. Нәтижесінде, қазіргі таңда бидай, сиыр еті, шошқа еті, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өнімдерін шығаратын 600-ге жуық отандық кәсіпорынға Қытай нарығына өз өнімін шығаруға рұқсат алынған.
Тағы бір маңызды бағыт – көліктік-транзиттік саладағы өзара тиімді ынтымақтастық. Қытай үлкен нарық болғандықтан, оның шет мемлекеттермен тауар айналымының көлемі жылдан-жылға артуда. Осы тауар айналымының басым бөлігі теңіз жолдары арқылы тасымалданса, бір бөлігі темір жол көлігі арқылы жеткізіледі. Осы ретте Қазақстанның географиялық орналасуын ұтымды пайдалануды жалғастыру өте маңызды. Өйткені бұл артықшылықты біз пайдаланбасақ, көршілес мемлекеттердің қазіргі инфрақұрылымдарды дамыту және жаңа темір жолдарды салу арқылы жүк тасымалдарын өз аумақтарына тартуға талпынулары – заңды құбылыс.
Кезінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында салынған және жаңартылған темір жол дәліздері арқылы өтетін транзит мемлекет бюджетіне қомақты табыс табуға көмектесуде. Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан – Қытай шекарасында орналасқан «Достық – Алашанкоу» және «Алтынкөл – Қорғас» темір жол бекеттері арқылы барлығы 20 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды.
«Қазақстан темір жолы» компаниясының ақпараты бойынша 2020 жылдың 11 айы ішінде Қазақстан аумағы арқылы 718,6 мың жиырма футтық эквиваленттегі (ЖФЭ) (2019 жылмен салыстырғанда 35% өскен), соның ішінде «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша 455,626 мың ЖФЭ (+167%) контейнерлер тасымалданды. Қазіргі таңда осы жүктерді тасымалдау үшін көршілес мемлекеттер арасында үлкен бәсекелестік байқалады. Тіпті кейбіреулері бағаны түсіріп, демпинг жасау арқылы тасымал көлемін өз аумақтары арқылы өткізу шараларын қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Соған қарамастан, біздің инфрақұрылымның тиімділігі мен ыңғайлылығы арқасында қазіргі таңдағы «Қытай – Еуропа – Қытай» бағыты бойынша темір жолмен тасымалданатын контейнерлердің 49%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Ал транзитпен өткен әр пойыздан мемлекет бюджетіне салық түсіп отыратынын, ол салықтың кейін халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне бөлінетін төлемдерге пайдаланылатынына назар аудару қажет.
Сонымен қатар Қытай біз үшін Тынық мұхит аумағының басқа мемлекеттеріне шығатын көпір екенін ұмытпау қажет. Цзянсу өлкесінде орналасқан Ляньюньган теңіз портындағы «Ляньюньган қаласының Қазақстан – Қытай халықаралық логистикалық компаниясы» атты бірлескен кәсіпорны 2020 жылы 200 мыңнан астам ЖФЭ контейнер өңдегеніне назар аударамыз. Соның ішінде біздің өнімдерді Оңтүстік Корея және Вьетнам сияқты мемлекеттерге тасымалдау үшін пайдаланылды.
Соңғы кезде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын түрлі сарапшылар сынап жүргенін көріп отырмыз. Біраз адамдар бұл бастаманың астарында Қытайдың Қазақстанға үстемдік көрсету, оны қарызға батыру мақсаты бар деген тұжырымдар айтып жүр. Қоғамымыздағы кейбір топтарда Қазақстанда бірлескен кәсіпорындарды құру арқылы «біздің жерді иемдену пиғылы бар», ал инвестиция құюдың басты мақсаты – «біздің пайдалы қазбалар кендерін өз меншігіне алу» деген пікір бар. Тіпті іске асырылуы жоспарланған бірлескен инвестициялық нысандарда ескі құрал-жабдықтар мен көне технологиялар пайдаланылады дейді.
Бұндай пікірлердегі топтар тек бізде ғана емес, шет мемлекеттерде де бар екені рас. Қарқынды дамып жатқан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы сыни көзбен қабылданатыны, оның көлемінің бір аймақ емес, түрлі құрлыққа тарағаны көптеген ірі мемлекетті алаңдататыны сөзсіз. Менің ойымша, коронавирус пандемиясына дейін Бейжіңде тұрақты түрде өткізілген «Бір белдеу, бір жол» форумына 100-ден аса мемлекеттің өкілдері қатысқаны – бұл бастаманың оларға пайдалы екенінің дәлелі.
Осы бастама түрлі мемлекеттерге жаңа мүмкіншілік ашты. Бірлескен жобаларды іске асыру арқылы жаңа инфрақұрылымдық нысандар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды салу, озық технологияларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты мәселелерді шешу мүмкіншілігі пайда болды. Бұл ретте ерекше назар аударуды қажет ететін мәселе – жобаларды қаржыландыру. Әр жобаның өз қаржыландыру жолдары бар. Жобалардың жалпы сомасы – біздің мемлекеттің алатын қарызы емес, оларды іске асыратын кәсіпорындардың бірлесіп қаржыландыратын қаражатының сомасы. Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасында бірлесіп іске асыруды жоспарлаған жобалардың басым көпшілігі жеке кәсіпкерлерге тиесілі және оларды қаржыландыруға тартылған қаражат сол кәсіпорындардың жеке қарыздары болады. Ол қарыздар тек Қытайдың ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның даму институттарынан да алынады.
Ұлттық экономиканың өсуінде сыртқы инвестицияларды және озық технологияларды тарту маңызды рөл атқаратынын мойындау қажет. Бұл – нарықтық экономиканың заңы. Осы бағытта Қазақстан Үкіметі шетелдік мемлекеттерден, оның ішінде Қытайдан да инвестицияларды тарту бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Қытай Нидерланды, АҚШ және Ұлыбританиядан кейін Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар бойынша төртінші орынды иемденеді.
Бүгінде Қытай инвестициялары Еуропа, Азия, Африка және Латын Америкасын қоса алғанда, әлем мемлекеттерінің саламатты экономикалық дамуын қамтамасыз етудің жалпыәлемдік үрдісі мен нышанына айналды. Көптеген мемлекеттің үкіметтері мен бизнес орталары Бейжіңмен қаржылық ынтымақтастықтың кеңеюін құптайды. Өз кезегінде, қытайлық компаниялар инвестициялардың сақталуы мен өзара тиімділігіне кепілдік беретін серіктестерді таңдауға мұқият және таңдаулы түрде қарайды. Қазақстан – осындай мемлекеттердің бірі. Бұған «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылғаны да оң әсерін тигізіп, инвесторлардың сенімін арттыруға жол ашты.
Қытаймен бірлесіп іске асырылған жобалар өңірлердің экономикалық мүмкіндігін өзгерткені көрініп тұр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында рапсты қайта өңдеу және рапс майын өндіру бойынша инновациялық кәсіпорын құрылды. Осылайша, өңірде қытайлық серіктестермен кооперация есебінен астықтан басқа тағы бір ауыл шаруашылығы дақылын өсіру басталды.
Түркістан облысында Қытаймен жоба есебінен бие және түйе сүтін өңдеу жүргізілуде. Тамақ өнеркәсібінің жаңа технологияларын қолдану арқасында, қазақстандықтар мақтан тұтатын сүт өнімдері шетелдік тұтынушыларға қолжетімді болды.
Қытайдан тартылған инвестициялар есебінен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту аяқталды. Бүгінде бұл – еліміздің нарығында және шетелде сұранысқа ие мұнай-газ химиясы өнімдерінің кең ауқымын өндіретін заманауи технологиялық кешенге айналды.
Осындай жобаларды іске асыру барысында пайда болатын мәселелер Үкімет басшыларының тұрақты кездесулері, Қазақстан – Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитеті мен Қазақстан – Қытай іскерлік кеңесі тетіктерінің шеңберінде талқыланып, қисынды шешімдерін тауып жүргенін атап өткім келеді.
Азаматтардың жағдайы бойынша әрекеттесу
Бұл саладағы мәселелердің ішінде, әрине, ең өзектісі және халықтың көкейіндегі басты мәселе – Қытайда тұратын қандастарымыздың жағдайы. Әсіресе соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданындағы ахуалға қатысты түрлі ақпараттың таралуына байланысты.
Ресми деректерге сүйенетін болсақ, ҚХР аумағында 1,6 млн қазақ тұрады. Олардың барлығы – Қытай Халық Республикасының азаматтары. Арасында түрлі заң бұзушылық үшін сот шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылған кісілер де бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттің ішкі істеріне қол сұғуға құқығы жоқ. Сондықтан да біз ҚХР азаматтары – қандастарымызға қатысты олардың Қазақстан азаматтары болып табылатын туыстарынан өтініш түскен кезде қытай тарапына бөлініп қалған отбасылардың бірігуіне қолғабыс көрсету туралы сауал жібереміз.
Шетелдегі қандастарға көмектесуді талап еткенде кейбір азаматтар Қазақстанда тұрып жатқан жүзден аса басқа ұлт өкілдерінің бар екенін естен шығарып алады. Олардың көпшілігінің өз тарихи отаны бар. Ертең басқа ұлт өкілі болып табылатын Қазақстан азаматына қатысты басқа мемлекет тарапынан оның құқықтарын қорғау жөнінде талап түсіп отырса, біздің реакциямыз қандай болмақ? Әрине, біз оның Қазақстан азаматы болғандықтан, шет мемлекеттен біздің мемлекеттің ішкі істеріне араласпауын талап етеміз.
Қытайдағы қандастарымыздың арасында Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндігін қарастыратындары да, қарастырмайтындары да бар. Кіндік қаны тамған, ата-бабалары ғасырлар бойы тұрған мекеннен басқа жаққа неге көшу керек деген сұрақ та қояды. Біздің мемлекет қандастардың барлығын Қазақстанға жаппай көшіруді мақсат етіп қойып отырған жоқ. Көшуді қалайтын, заңды тұрғыдан рұқсаттары бар кісілерге Қазақстанның шетелдегі мекемелері тарапынан тиісті қолғабыс көрсетіледі. Мысалы, 2018-2020 жылдары Қытайдағы консулдық мекемелерде 60 мыңға жуық қандасымызға виза ресімделді. Кейбір қандастар біздің елге келген соң Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Бірақ арасында бір бөлігі ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін орындамағандықтан, Қытайға кері қайтқан кезде түрлі қиыншылыққа тап болған.
Дегенмен екі мемлекет сыртқы істер министрліктері арасында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің бейресми ақпараты бойынша 2018-2019 жылдары 7 мың қандасымыз Қазақстанда жүріп, Қытайдың Нұр-Сұлтандағы елшілігі және Алматыдағы Бас консулдығы арқылы ҚХР азаматтығынан шығу рәсімдерін бітіруге мүмкіншілік алды. Өкінішке қарай, бұл жұмыс пандемияға байланысты уақытша тоқтап қалды, бірақ жағдай түзелген соң бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылатын болады. Сондықтан да Қазақстанға көшуді қалайтын қандастарға айтылатын өтініш – Қытайдан кетпей тұрып, ресми түрде ҚХР азаматтығынан шығу қажет. Сол кезде азаматтыққа кіру, зейнетақы алу және шекарадан өтуге қатысты мәселелер туындамайды.
* * *
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Қазақстан мен Қытай көрші мемлекеттер болғандықтан, жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту, түрлі саладағы ынтымақтастықтың бағыттарын кеңейту, сезімтал мәселелер бойынша диалогті жалғастыру және туындайтын мәселелерді бірлесіп шешу – екіжақты қатынастарымыздың болашақ басымдықтары болып қала беруі тиіс.
Қазақта «Құдай қосқан көрші» деген түсінік бар, Қытай іргемізде тұрған әрі жылдам дамып келе жатқан көрші болғандықтан, біз онымен өзара тиімді әрекеттесудің ұтымды жақтарын өз мемлекетіміздің қарқынды өркендеуіне пайдалануымыз қажет.
Шахрат НҰРЫШЕВ,
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары