03 шіл, 2025 сағат 15:22

Tasqyn ақпараттық жүйесі еліміздің 10 облысында су тасқыны жағдайын болжауға мүмкіндік берді

Фото: Gov.kz

2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде Tasqyn ақпараттық жүйесі Қазақстанның 10 облысында су тасқыны жағдайын алдын ала болжауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Ult.kz.

14 наурыз бен 18 сәуір аралығында жүйе елдегі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстарында су тасқынына қатысты жағдайды модельдеп, жергілікті билік пен төтенше жағдайлар департаменттерінің алдын ала әрекет етуіне сеп болды.

Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы нақты су басқан 16 елді мекеннің 9-ы жүйе арқылы алдын ала анықталып, болжам расталған. Tasqyn жүйесі өзендердегі су шығыны мен деңгейінің болжамын, су қоймаларынан жіберілетін судың көлемін, жер бедерінің цифрлық модельдерін және батиметриялық түсірілім деректерін пайдалану арқылы тасқынның таралу ықтималдығын есептейді.

Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын кезеңінде жүйеге күн сайын мәліметтер енгізіп, су қоймаларының жағдайына тұрақты мониторинг жүргізген. Сонымен қатар шекаралас мемлекеттермен ақпарат алмасып, Төтенше жағдайлар министрлігі мен оның өңірлік бөлімшелерін ықтимал қауіптер туралы жедел ескертіп отырған.

Министр Аслан Абдраимовтың айтуынша, болжамның дәлдігін арттыру және жүйені кеңейту үшін арнайы ұсыныстар әзірленіп, Tasqyn жүйесін жетілдіруге бағытталған Жол картасының жобасы жасалған. Онда цифрлық жер бедерінің анықтығын арттыру, гидрологиялық модельді жаңарту және жүйені заманауи талаптарға бейімдеу сынды шаралар қарастырылған. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.